Қаладағы және ауылдардағы көпбалалы аз қамтылған отбасыларға қандай көмек көрсетілетіні туралы жаңадан тағайындалған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Министрлер кабинеті бүгін Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезінде қойған міндеттерді жүзеге асырудың тетіктерін талқылады. Мәселен, 830 мың қазақстандықтың атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Аталған көмек 1 шілдеден бастап 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге көтеріледі. Осыған дейін бұл қолдауға 571 мың адам ие болып келсе, енді ол 260 мыңға көбейіп, 830 мың қазақстандыққа беріледі. Бұл мәселе наурызда Парламентте қаралады.
«Атаулы әлеуметтік көмек сол жанұяның әрбір тұрғынына келетін табысқа байланысты. Біз күнкөріс деңгейін көбейттік. Қазір 20 789 теңге болды. Егер содан кем болатын болса, онда сол жанұяның әрбір баласына 20 789 теңге ақша төленетін болады. Сондай-ақ, егер әрбір жанұяның тұрғынына шаққандағы табыс күнкөріс деңгейінен төмен болатын болса, онда соның айырмашылығы қанша боласа, ата-анаға да қосымша төлем төленеді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек САПАРБАЕВ.
Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жаңа басшысы Роман Скляр көпбалалы отбасыларға жалдамалы пәтерлердің мамыр айынан бастап берілетінін мәлімдеді. Белгілі болғаны, қазір елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар екен. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде 28 мыңы тұр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз жыл сайын 7 жыл бойы жалға берілетін 6 мың пәтердің құрылысын қамтамасыз етеміз. 2025 жылға дейін 40 мыңнан аса жалға берілетін пәтер салынады. Осылайша, баспана кезегінде тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасылар мәселесі толығымен шешіледі. Мамыр айында көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үйлерді таратуды бастаймыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман СКЛЯР.