Бұл туралы Сәкен Есіркеп айтып берді
Нұр-Сұлтан қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп елордаға Астана атауын қайтару тәртібі қалай жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мұндай кез келген мәселе қалалық әкімдік жанынан құрылған ономостика комиссиясында қаралады. Мәселен, қала тұрғындары тарапынан қандай да бір көше, қала, ғимарат атауын өзгерту туралы ұсыныс түссе, ол бірінші кезекте сол комиссияда қаралады. Онда 4 бірдей тарих ғылымдарының докторы, кандидаттар мен мемлекет қайраткерлері бар. Сонымен қатар, оның ішінде қалалық кеңестің 2 депутаты болады. Жалпы оның құрамына 19 адам енеді. Айта кетейін, елордамызды Астана деп атау туралы мәселе кеше, 14 қыркүйекте ономостика комиссиясында қаралды», - деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы.
Ол жалпы атау өзгерту процедурасы қалай жүргізілетінін түсіндіріп берді.
«Бұл процесс кезінде біз ұсыныстан бас тартатын болсақ, оның себебін түсіндіріп, жауап жазамыз. Ал қолдайтын ұсыныстарды хаттамамен бекітеміз. Кейін мақұлданған ұсынысты әкім орынбасары атынан мәслихатқа хат етіп жазамыз. Яғни, тұрақты көпшілік тыңдауына шығаруды сұраймыз. Онда БАҚ өкілдері, жеке тұлғалар, қоғамдық кеңестің мүшелері мен депутаттар қатысады. Көпшілік тыңдауда кейбір ұсыныстар алынып тасталуы мүмкін. Қалған қолдау тапқандардың қорытындысы бойынша әкімдікке хаттама беріледі. Сол хаттама негізінде ол мәселенің сессияда қаралуын сұраймыз. Сосын олар сессияның уақытын белгілеп, депутаттардың барлығын шақырады. Сессияда депутаттар қолдаймыз не болмаса қолдамаймыз деп бір шешімге келеді. Шешімді алып, біз республикалық ономастика комиссиясына береміз», - деді Сәкен Есіркеп.
Оның мәліметінше, ҚР Үкіметі жанынан құрылған республикалық ономастика комиссиясының жұмысшы органы - Мәдениет және спорт министрлігі. Комиссия құрамында ғалымдар, тіл мамандары мен сарапшылардан жасақталған 15-ке жуық адам бар.
«Республикалық ономастика комиссиясында ұсыныс қолдау тапса, оны хаттамамен бекітеді. Ол ресми құжатты әкімдікке қайта жібереді. Содан соң біз оны Премьер-Министрдің кеңсесіне жолдаймыз. Олар ұсынысты Президент Жарлығына дейін дайындайды», - деп түсіндірді басқарма басшысы.
Сәкен Есіркеп бүгін өткен мәслихат сессиясының қорытындысы негізінде қолдау тапқан шешім республикалық ономастикалық комиссия қарауына жіберілгенін жеткізді. Оның мәлімдеуінше, айтылған тәртіптер толық орындалып, Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойған күні ғана бас шаһардың атауы Астана болып өзгереді.