Өркениеттен алыс қалдық: 500 шаңырақ жарықсыз отыр

21.03.2024 03:45

Мәселеге мән беретін әкімшілік не Кентау, не Сауран ауданынан табылмай тұр

Almaty.tv

Түркістан облысындағы Шоқтас ауылының тұрғындары өркениеттен ада. 500 шаңырақ түтінін түтетіп отырған елдімекен бұған дейін Сауран ауданына қараса, былтырдан бері Кентау қаласының қарамағына өткен, депхабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Өркениеттен алыс қалдық» деген қауым жарықтың екі күннің бірінде өшетінін айтты. Ал мәселеге мән беретін әкімшілік не Кентау, не Сауран ауданынан табылмай тұр.  

– Қыста боранда үш күн қараңғыда отырдық. Кентау қаласының әкімі келіп кетті. Сол кезде берген уәде орындалған жоқ, – деді облыс тұрғыны Қарлығаш Сәрсенбаева.

500 шаңырақ түтінін түтетіп отырған ауылдағы жарық бағаналары осыдан 100 жыл бұрын қондырылған. Ғасыр жасаған ағаштардың біршамасы құлап, шарасыз тұрғындар үзілген сымды қайта байлап қоюға мәжбүр.  

– Тоңазытқыштар күйіп кетті. Бағаналар құлап жатыр. Әкімдік «бюджеттен қаржы бөлінген жоқ» деп жауап береді, – деді облыс тұрғыны Бақтылы Абдуллаева.

Ал билік өкілдері «Қазір құжатты реттеп жатырмыз» дейді. Кентау қарамағына былтыр өткен аумақтың қағазы реттелген соң ғана коммуналдық жүйеге көңіл аударылмақ.

– 2023 жылы шілдеде Сауран ауданынан 75 мың гектар жерді Кентау қаласына беру бойынша Үкіметтің қаулысы шықты. Аталған жер құрамында екі елдімекен бар. Қотырбұлақ және Шоқтас елдімекендері мүлкін қала әкімдігіне өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбай.

Түркістан облысы Кентау іргесіндегі шоқтастықтардың мұңы мұнымен бітпейді. Жарыққа жарымаған ағайын шаң басып жатқан жолдың да жырын кімге айтарын білмейді. Өйткені ауылдың жері Кентау қаласына қараса, коммуналдық жүйесіне Сауран ауданы жауап береді.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жүнісқанов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: ШҚО-да орман шаруашылығы басшылары жеке кәсіп иелерін алдап, жұмысқа тартқан