Шалғайдағы елді мекендер ғаламторға жақында қосылмайтын болды

Almaty.tv
Almaty.tv
Елімізде 2000-ға жуық ауыл әлі интернетсіз отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 2000-ға жуық ауыл әлі интернетсіз отыр. Ал шалғайдағы елді мекендер ғаламторға жақында қосылмайтын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – бас қала іргесіндегі Қоянды ауылы. Халықтың интернетті сарыла тосқанына 15 жылдан асыпты. Айтуыларынша, қазір елді-мекенде ұялы байланыстың қызметі де төмендеген.

Арманға  үйіне келген сайын интернет арман болады. Қаладан оқитын ол желінің қиындығын 2 жыл қатарынан көріп келеді. Пандемия кезінде онлайн оқыған ол қазір ҰБТ-ға дайындалыр жүр.  Оның айтуынша, әзірлігінен әлегі көп,әр 10 минут сайын желі қуып әбден зарыққан.

«Мен сабақ оқығым келсе, интернетті тек 15 минут пайдалана аламын. Wi-Fi өшіп қалады. Кешке таман мүлде жұмыс істемейді. Көрші үйге барып, қосылғымыз келеді. Бірақ оларда да Wi-Fi жоқ», – деді Қоянды ауылының тұрғыны Арман Жасан.

Аядай ауылдың бас ауыртқан мәселесі қазір интернет пен байланыс.  Жергілікті тұрғындардың айтуынша, интернетті тосқанына 15 жыл болған. Қала іргесінде тұрса да хат-хабар алмасу қиын көрінеді.

«Интернет мүлде жоқ. Біз дамыған ел, 30 елдің қатарында дейміз ғой,  бірақ интернет жоқ. Бұл жерде болған емес болмайды да. Балалар оқу керек, сабаққа бару керек. Байланыс мүлдем жоқ. WhatsApp ашылмайды», – деді Қоянды ауылының тұрғыны Анар Мелдиева.

Айшылық алыс жерден, жылдам хабар алғызатын интернет көп ауылға жылдап жетпей тұр. Бұқараның бұл базынасы бүгін-ертең де шешілмейтін сыңайлы. Себебі, жауапты министрлік тұрғын саны 250-ден аз ауылға  ғаламтор жақын уақытта тартылмайды деді. Ал қазір республика аумағына бесінші буынды 5G  ұялы байланыс стандартын енгізу қолға алынып отыр.

«Біз 2022 жылдың соңына дейін осы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G технологиясын еңгізуді жоспарлап отырмыз. Сәтті іске асқан жағдайда облыстарды, республика аумағында қамтуды жоспарлап отырмыз. Яғни, 2025 жылға дейін еліміздің барлық өңірлерін 5G технологиясын қамту жоспарда», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми өкілі Ерхан Тәткен.

Адам саны 250-ден асқан ауылдар 1-2 жылда жаппай  интернетке қосылады. Ол үшін «250+» жобасы әзірленіпті. Осылайша, министрлік  халықты кең жолақты қолжетімділікпен қамтуды 99%-ға жеткіземіз деді. Ал адам саны 250-ге жетпейтін елді мекендердің жағдайы әзірге белгісіз.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров