ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабына сәйкес 61 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Талдықорғанда жолды күтіп ұстамағаны үшін 61 лауазымды тұлғаға айыппұл салынды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысында жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік апаттарының алдын алу, сондай-ақ көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында облыстық ПД жол-техникалық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері автожолдардың жай-күйін қадағалайды.
“Облыс орталығының жолдарына мониторинг пен талдау жүргізілді. Нақты айтқанда, бұған дейін қаланың коммуналдық кәсіпорнына Сланов көшесінің бойына жаңбыр суын қабылдайтын жүйе орнату туралы нұсқама берілген болатын. Дегенмен, қайта тексеру кезінде кемшіліктердің кәсіпорын тарапынан түзетілмегені анықталды. Осыған орай, аталған кәсіпорынның лауазымды тұлғаларына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес әкімшілік материал толтырылып, соттың қарауына жолданды”,- деді Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Дәулет Молдаханов.
Биыл алғашқы тоқсанда облыстағы автожолдарға 522 мәрте тексеру ұйымдастырылып, анықталған кемшіліктер бойынша қаланың жол және коммуналдық қызметтеріне 525 нұсқама табыс етілген. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабына сәйкес 61 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы алғанда бір жарым миллион теңгенің айыппұлы салынған.