Риддер тұрғындарының бүлінген баспанасын кім жөндеп береді

11.07.2024 22:24

Қыста болған тасқыннан зардап шеккендер жағдайын айтты

Almaty TV

Үйлерін су басқан Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындары болған жайтқа жергілікті су электр стансасын кінәлайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оқиға былтыр желтоқсан айында болған. Жұрт қыстың қақаған суығында тілсіз жаумен өз бетінше, қолдан келгенше күрескен. Ал жауапты тарап кінәні мойнына алмапты. Көпшілік тек жақында өтемақы төлеуге кіріскен. Алайда зардап шеккендер «Қаражат мөлшері шығынды толық жаппайды» деп шағым айтып отыр.

Қыста болған тасқыннан зардап шеккендердің бірі - Александр Пляшков. Тұрғынның сөзінше, үйдегі су деңгейі жарты метр биіктікке көтерілген. Соның салдарынан баспанасындағы бар техника мен жиһаз түгелдей бүлініпті. Қала тұрғыны «Су әп-сәтте үйлерді басып қалды, біздің өзіміз сыртқа әрең шығып үлгердік» деп болған оқиғаны тағы бір еске алды.

- Оқиға түнде болды. Еден астындағы шүмектен су кетті деп ойладық. Төменге түстім. Бірақ бәрі кеш екенін түсіндім. Су деңгейі көтеріліп кетіпті. Біз терезеден секіріп шықтық. Сол сәтте баратын жер болмады, - дейді Риддер қаласының тұрғыны Александр Пляшков.

Александр Пляшковтың жұбайы Ольганың инсульт алғаннан кейінгі жағдайы әлі тұрақталмаған. Себебі, қыстағы жайт денсаулығына кері әсерін тигізген. Ал тасқын салдарымен шама-шарқынша күрескен тұрғындардың сөзінше, су электр стансасының өкілдері, кеңес айтумен ғана шектеліпті.

Тұрғындардың баспанасы әлі кеуіп те үлгермеген. Ал мұндай мәселе көршілердің әрқайсында бар. Сондай жандардың бірі - Әзияш Кененбаева. Тасқын су тұрғынның баспанасын толығымен алмаса да, жертөлесін толтырып кетіпті.  

Үй иелері күнделікті кілемдері мен еденге төсеніштерін далаға шығарып, жаяды. Олардың баспанасы дәл қазіргі уақытта жөндеуді қажет етіп тұр. Себебі, үйдің іргетасы мен қабырғасы судан қатты зақымданған. Ал жауаптылар бұл шығынға бар-жоғы 112 мың теңге бөліпті. Пляшковтар әулеті, 1,5 миллион теңге алған. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз дейді тұрғындар.  

- Өздеріңіз түсініп тұрғандай, қаражат жеткіліксіз. Тек еденді ғана жөндейміз бе? Еден, тіреуіштер, барлығын қайтадан тұрғызу керек, - дейді Риддер қаласының тұрғыны Александр Пляшков.

Ал жергілікті су электр стансасының өкілдері зардап шеккен 4 отбасыға бас аяғы 5,5 миллион теңге өтемақы беріп, енді ешкімнің алдында қарызымыз жоқ деп отыр.  

- Тергеу жүргізілді. Жауапты мамандардың барлығы түгелдей қатысты. Барлығы нұсқау бойынша болған, ешқандай заңбұзушылық байқалмады. Біз әкімдіктің сұрауы бойынша, бір реттік төлем жасадық. Түсіністік танытуға тырыстық. Зардап шеккендерге өтемақы төледік, - дейді «ЛК ГЭС» компаниясы директорының міндетін атқарушы Дмитрий Бояринов.

Сол себепті, кәсіпорын өкілдері: ешқандай қосымша қаражат жайлы әңгіме туындамауы тиіс дейді. Олардың сөзінше, мәселенің барлығы өзен арналарының уақытылы тазармағанынан, жағалауларды бекіту жұмыстары жүргізілмегендіктен болыпты. Ал тұрғындардың сотқа жүгінуге құқығы бар. Мәселенің нүктесі сонда ғана қойылмақ.

Рүстем Айткәрім, Руслан Мұхамедияров, «Алматы» телеарнасы, Шығыс Қазақстан облысынан

Оқи отырыңыз: Су тасқыны: Петропавлда апатты үйлер бұзылып жатыр