Жезқазғанда жаңа мұнай базасы салынады

09.07.2024 21:30

Өңірді дамыту – қазір Ұлытаудағы атқамінерлердің басты міндеті

Almaty.tv

2025 жылы Жезқазғанда жаңа мұнай базасы пайда болады. 7 гектар аумаққа салынатын инвестициялық жоба жергілікті жұртты жұмыспен қамтымақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңірді дамыту – қазір Ұлытаудағы атқамінерлердің басты міндеті. Бұл мақсатта енді аумақта жанармай тапшылығын болдырмау үшін, әрі жергілікті жұртты тұрақты жұмыспен қамту есебінде мұнай базасы салынбақ. Бұл өз кезегінде Қызылорда-Жезқазған тасжолындағы құрылыс қарқынына да оң әсер етеді дейді жауаптылар. Қазіргі таңда аталған нысанда теміржол эстакадасы, сорғы станциясы мен автоцистерналарға құю станциясы, трансформаторлық қосалқы және дизельдік электр бекеттері салынып жатыр. Бар жұмыс – алматылық мердігер ұйымның мойнында екен.

«Құрылыста қолданылатын материалдардың 90 пайызы - отандық өнім. Өзіміздің компаниядан 80-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Ұлытау облысынан, яғни Жезқазған қаласынан қосымша серіктестікке 20-30 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз», – деді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өкілі  Асылбек Абуев.

Айта кетейік, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан жобаны іске асыру үшін 4,5 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

«Инвестиция тарту - маңызды міндет. Әсіресе, енді ғана дамып келе жатқан Ұлытау облысы үшін бұл жобаның маңызы зор. Облыста қазір бір ғана мұнай базасы бар. Екінші мұнай базасының ашылуы осы саладағы бәсекелестікті дамытады, сондай-ақ халықтың дизель отыны мен жанар-жағар майға деген қажеттіліктерін қамтамасыз етеді», – деді облыс әкімі баспасөз қызметінің бас маманы Владимир Романьков.

Айта кетейік, қаланың шеткері жағынан салынып жатқан жаңа мұнай базасының құрылысы маусым айында басталды. Ал жалпы жұмыс 2025 жылдың тамызында аяқталып, нысан пайдалануға берілмек.

Алтынгүл Төлегенова, Құрмет Қожахметов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Петропавл тұрғындары сасық иіске шағымданды