Петропавлда да бірнеше жаңа тұрғын үйді су басып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бірақ бұл апат ауа райының қолайсыздығынан емес. Кәріз суының жайылуы салдарынан жертөледе жағдай ушығып, тұрғындар мүңкіген жағымсыз иіске шыдауға мәжбүр. Олардың айтуынша, жауапты компания тазалау жұмыстарына немқұрайлы қарағандықтан, азаматтар арнайы қызметке өздері жүгінген. Дегенмен бұл көтеріліп отырған жалғыз коммуналдық мәселе емес екен.
Петропавлдағы бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары үнемі бітеліп қалатын кәріз құбырларына шыдауға мәжбүр. Олардың айтуынша, инженерлік желілерді тартуға жауапты мердігер кәріз сорғы станциясына қызмет көрсетпейді. Сондықтан олар ағынды суды өз бетімен шығару үшін үнемі ақша жинауды амалсыз әдетке айналдырған.
«Ауламыздағы кәріз сорғысына ешкім жауап бермейді. Сол себепті үнемі бітеліп қалады. Айналып келгенде, бәрі жертөлеге құйылады. Осы уақытқа дейін құрылыс бөлімі бұл инженерлік желілерді «Қызылжар су» мекемесіне бермеген», – деді қала тұрғыны Юрий Командриков.
Тұрғындар үйге іргелес аумақ пен көшелердің жағдайына да шағымданып отыр. Мәселен, мына шұңқырды мердігерлер осыдан 2 жыл бұрын жүргізілген жұмыс кезінде қалдырып кеткен. Ауа райының қолайсыздығы кезінде көпшілік өз баспанасына кіру үшін ауданды түгел аралауға мәжбүр. Шешімі жоқ мәселе көп деп шағымданады қала тұрғындары.
«Ойын алаңы кішкентай. Бос жерлеріне шөп өсіп кеткен. Содан жол жоқ. Жаңбыр жауғанда саз болады», – деді қала тұрғыны Бауыржан Мусин.
Ал мердігер компания өкілі бар жағдайға тұрғындардың өзі кінәлі дейді. Өйткені олар баспанаға асығыс қоныстаныпты-мыс.
Әкімдік бұл мәселені тез арада шешуге тырысатындарын айтты. Анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін кәріз сорғылары коммуналдық кәсіпорынның балансына өтпек.
«Мердігер компаниямен тиісті жұмыстар жүргізілді. Одан бөлек, кәріз жүйесі бойынша қазіргі таңда олар тексеріс жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде, ақау табылған жағдайда жөндеу жұмыстары жасалып, балансқа берілетін болады», – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Мердігер ендігіде кемшіліктерді жою жұмысы басталады деп сендірді. Тұрғындардың негізгі мәселесі ай соңына дейін шешімін таппақ.
Жансая Олжабек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: БҚО-да жантүршігерлік жол апатынан 4 адам көз жұмды