Жетісу облысында ауыл тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. «Жерұйық» жобасы арқылы мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жеңілдетілген талаппен баспана сатып алуына мүмкіндігі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бағдарламаға өтінім қабылдау 10 қыркүйектен 10 қазанға дейін жалғасады.
«Жерұйық» бағдарламасына облыс бюджетінен 1 млрд теңге бөлінген. Оған 8 ауданның тұрғыны қатысады. Панфилов, Ескелді, Алакөлден өзге аудандарда баспананы тек орталығынан таңдау мүмкіндігі бар. Ипотека 5 пайызбен 19 жылға беріледі. Ал банк 15 млн теңгеге дейін несие береді. Егер тұрғын үй бағасы бұл сомадан қымбат болса, жетпегенін әркім өзі төлеуі керек.
– Бұл – ауылды мекендерге арналған бағдарлама. Үй салынбайды. Салымшылар екінші нарықтағы үйді алғысы келеді. Тұрғын үйді адамдар өздері іздеп таба алады, мүмкіндік болса, бірінші нарықтағы үйді де ала алады, – деді «Отбасы банк» АҚ Жетісу облыстық филиалының ресми өкілі Әсел Досанова
Өтінімдерді жергілікті әкімдіктердегі Тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің мамандары қабылдайды. Оған ауылдық жерлерде тұратын, басында үйі жоқ, кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар қатыса алады. Ал үміткерлер ұпай санына байланысты іріктеледі.
– Сарқан районы Екіаша ауылының тұрғынымын. Екіашада сатылатын үй көп, 7 млн теңге тұрады. Сатып алуға болады, – деді облыс тұрғыны Күләш Таумирзинова.
Мамандардың айтуынша, аталмыш бағдарлама ауылдағы маман тапшылығын жойып, халықты баспанамен қамту мақсатында қолға алынған.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» арнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Алматыда тұтынушыларға 300 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды