Сағынтаев алматылықтар шағымданған әлеуметтік нысандарда болды

21.02.2020 01:50

Бұл туралы қала әкімі Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің жеке парақшасында жазды

пресс-служба акимата г. Алматы

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев есептік кездесу кезінде жұмыстарына алматылықтар шағымданған әлеуметтік қызмет орталығы мен балалардың инфекциялық ауруханасында болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін №3 Орталықта 350 орын бар, мұнда қарт адамдар, оның ішінде қамқорлықты қажет ететін мүгедектер тұрады. Әкімнің есептік кездесуінде персоналдың жұмысы мен медициналық қызметтің сапасын тексеру бойынша шағым айтылған еді.

Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша арнайы құрылған комиссия әділ баға беру үшін шағымда айтылған барлық жағдайларды жіті тексеретін болады. Бұл жұмысты жүргізу қала әкімінің орынбасары С. Тұяқбаевқа тапсырылды.

Айтылған басқа шағым бойынша Б. Сағынтаев балалардың қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында болды, мұнда ол көрсетілетін медициналық қызметтің тізімімен, құрал-жабдықтармен және медициналық қызметкерлердің біліктілігімен танысты.

Балалардың инфекциялық ауруханасына қала мен Алматы облысының елді мекендерінен күн сайын 300 бала жеткізіледі, олардың 80-ге жуығын стационарда ем алу үшін қалдырады.

"Осыдан 40 жыл бұрын 360 орынға есептеліп салынған қаладағы жалғыз мамандандырылған аурухананың жүктемесі арта түсуде. Сондықтан оның жанынан 70 орынды қосалқы нысан немесе заманауи 500 орынды балалардың инфекциялық ауруханасын салу мәселесін қарастырудамыз", — деп жазды Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, ол аға ұрпақ өкілдері мен балалардың қамқорлық пен жіті назарды талап ететінін атап өтті.