Алматыда орнатылған бейнебақылау камералары жолдағы өлім-жітімді азайтып, жүргізушілер мәдениетін көтеруде – сарапшылар

Алматыда орнатылған бейнебақылау камералары жолдағы өлім-жітімді азайтып, жүргізушілер мәдениетін көтеруде – сарапшылар
Ал, қаладағы бірнеше заңгер бұл камералардың заңсыз орнатылғанын айтып, сотқа жүгінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Заңгерлер Алматының бірнеше жеріне орнатылған бейнебақылау камераларын заңсыз дейді. Атап айтқанда, Шығыс айналма жолындағы видеотіркегіштер заңға қайшы қойылған көрінеді. Тұрғындардың құқығы тапталып жатыр деген белсенділер енді полицейлердің үстінен сотқа шағымданып отыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жол қозғалысы туралы заңда аталған құрылғыларды жол бойына қою жазылмаған. Заңгерлердің сөзінше, «Крис-П» жабдықтары жүргізушілердің назарын аударып, кедергі келтіреді. Сонымен қатар, бейнебақылау камералары тек көліктің мемлекеттік нөмірін жазып қана қоймайды, тізгіншінің де түр-әлпетін түсіріп алады екен.  

«Бұл құрылғыларды қолдану әдісі заңда нақты жазылмаған. Оларды орнатудың өзі заңсыз. Жүргізушілердің құқығы тапталып жатқанын айтқым келеді», – дейді заңгер Мұхтар Құсайынов.

Бүгінде Алматыда 105 фото-видеотіркегіш бекеттері жұмыс істеп тұр. Полиция департаментінің өкілі бейне бақылау камералары мен жылдамдықты өлшейтін құрылғылар қалалық әкімдіктің қаулысымен орнатылғанын айтады. Оның үстіне, жол қозғалысы туралы заңға сәйкес, полиция бейнебақылау камераларын қолдануға міндетті. Өйткені, құрылғылар орнатылған жерлерде жүргізушілер жол ережесін сирек бұзады.

«Жылдамдықты өлшейтін радарлар және бейне бақылау камералары жүргізушіге еш кесірін тигізбейді. Фотоға түсірген кезде дыбыс шығармайды. Құрылғылар тек әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп тұрады. Оның үстіне, аппарат адамның түрін түсірмейді. Мәселен, айыппұл мекен-жай бойынша, қағаз бетінде көліктің мемлекеттік нөмірі мен жол ережесін бұзған фотосы ғана көрінеді», - дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Тәртіп сақшылары сонымен қатар, камералардың тиімділігін де атап көрсетті. Бейне бақылау камераларының арқасында, жолдағы өлім-жітім 18 пайызға азайған көрінеді. Сондай-ақ, жол көлік оқиғасы – 26, ал жарақат алғандар саны 20 пайызға төмендеген. «Вижн зеро» жобасын құрастырушылары да осыны растап отыр.

«Видео-фотофиксацияларды орнатудағы басты мақсат – жылдамдықты төмендету. Сондықтан, жауаптылар оған қарсы түрлі әдісті қолдануда. Автоматтандырылған бейнебақылау камералары бұл тұрғыда көмегін тигізіп жатыр. Смарт құрылғылардың арқасында өлім-жітім екі есе азайды. Мұндай тәсілді шет елдерде көптеп қолданады», – дейді Vision zero тұжырымдамасы жұмыс тобының қатысушысы Пётр СМИРНОВ.  

Жол ережесін бақылайтын видео және фототіркегіштер орнатылғалы бері 2 миллионға жуық хаттама жазылған. Төленген айыппұлдар қала бюджетіне құйылуда. Ал, заңгерлердің арызы бойынша басталған сот отырысы 24 сәуірде өтеді.    

Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров