Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданындағы «Теректі», «Алғабас» және «Рахат» шағынаудандарын аралап шықты. Бұл туралы шаһар басшысы өзінің Instagram-парақшасында жазған.
«Тұрғындар ашық жатқан электр желілерінен қауіптенеді. Бұл мәселені А.Мұсабаевқа (Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы) 1 қазанға дейін шешіп, жарық құнына бекітілген тарифтің ашықтығын арттыруды тапсырдым. Жеке энергокомпаниялармен жұмыс дұрыс жолға қойылуы керек. Сонымен қатар, Орталықтан су тартып, кәріз жүйесін реттеу мәселелері де өткір. Қалаға қосылған аудандар үшін маңызды мәселелер кезең-кезеңімен әрі кешенді түрде шешіледі. Түйткілді мәселелердің шешілу жолдары айқындалды», - деп жазды қала әкімі өзінің Instagram-парақшасында.
Бақытжан Әбдірұлы аудандағы қылмыс деңгейіне, пәтерлерді тонау мәселесіне ерекше тоқталып, Полиция департаментіне заңсыздықтармен күресуді тапсырды.
«Ал Алатау ауданы әкімдігі бұдан былай тұрғындармен жиі кездесіп, өзекті мәселелерді жедел түрде шешуі тиіс», - деп тапсырды қала басшысы. Атап айтқанда, жедел жәрдем көліктерінің жұмысын реттеу, қоқысты дер кезінде шығару, кеміргіштермен күрес және қаңғыбас иттерді аулау секілді қыруар шаруа бар.
Қала әкімі, сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру мәселесін тез арада шешу керектігін басып айтты.
Сонымен қатар, тозығы жеткен жолдарды жөндеуді тапсырды.
«Жерді екі рет қазып, бей-берекетін қашырмау үшін әуелі орталықтандырылған сумен жабдықтап, кәріз жүйесін ретке келтіреміз. Содан кейін жол жөндеуге кірісеміз», - деді Б.Сағынтаев.
«Рахат» шағындауданындағы орта мектеп мәселесі де әкімнің назарынан тыс қалмады.
«Қаланың шеткі аудандары үшін өте маңызды ауыз су тарту, жарықтандыру, жол салу сынды өзекті мәселелерді алдымен шешу керек», - деді Алматы әкімі.