Биыл Рамазан айы 20 сәуірде аяқталады. Ал 21 сәуір – Ораза айттың бірінші күні. Мейрам үш күнге, яғни 23 сәуірге дейін созылады. Бұл күндері елімізде ресми демалыс қарастырылмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ораза айт мерекесін мұсылмандар алғаш рет хижраның екінші жылы – 624 жылы атап өткен. "Айт" сөзі – жыл сайын қайта келетін мейрам, мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту деген мағынаны білдіреді.
Отыз күндік оразадан кейін келетін бұл мерекені халқымыз қашанда ерекше сезіммен, зор қуанышпен қарсы алған.
Ораза Айт намазы
Шариғи мейрамдар жамағатпен оқылатын арнайы намазбен басталады. Бұл намаз "айт намазы" деп аталады. Ораза айт намазы күн найза бойы көтерілгенде, яғни күн шыққаннан кейін 45 минут өткен соң мешіттерде оқылады.
Осы күні оқылатын Ораза айт намазының кестесі:
Айт намазына ғұсыл алып, әтір себініп, киімнің ең жақсысын киіп, үйден құрма жеп шығады. Мешітке жаяу барып, жаяу қайтады. Үйге басқа жолмен оралады.
Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады.
Егер кімде-кім пітір садақаны беріп үлгермесе, Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп тастауы қажет. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады. Биыл пітір садақаның мөлшері – 535 теңге.
Айттау
Ораза айт мейрамында әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, мерекелік дастарқан жайылады. Туған-туысқан, көрші-қолаң бір-біріне қонаққа барып, Айт мерекесімен құттықтайды, сыйлық береді. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады.
Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне "Ораза айт қабыл" болсын" деп жылы лебіздерін білдіреді.
Ораза айт күні ауыз бекітуге бола ма
Ораза айт күні мешітке барудан бұрын дәм ауыз тию – ұнамды іс. Шариғат бойынша айт күні ораза ұстауға рұқсат етілмейді. Сондықтан Ораза айт күні мұсылмандар ораза күні сияқты сәресін ішпейді, күндіз ауызы ашық болады.
Ораза айт мерекесі Шəууәл айының алғашқы үш күнінде тойланады. Хадистерде Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей делінген. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез келген күні ұстауға болады. Айттың алғашқы күні ораза ұстамайды. Екінші күнінен бастап ауыз бекітуге болады.
Қажетті ақпарат muftyat.kz, muslim.kz сайттарынан алынды.