Алматы әкімі қаласы ішіндегі барлық арықтарға 30 шілдеге дейін су жіберілетінін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Әкім болып тағайындалған сәттен бастап қала тұрғындары көтерген мәселелердің бірі арықтардың жағдайы болатын. 8 шілдеде болған тұрғындармен кездесу барысында мен арықтар мен жауын кәріздерін ретке келтіруді тапсырған едім. Қазіргі кезде Әуезов, Алмалы, Бостандық және Медеу сынды төрт ауданның арықтары жөнделіп, су ағып жатыр. 30 шілдеге дейін жөндеу жұмыстарын толық бітіріп, су жіберетін боламыз», – деді Сағынтаев инстаграм парақшасында.
Сонымен қатар, әкім қала тұрғындарын арыққа қоқыс тастамай, таза ұстауға шақырды.
«Арық бойымен сыңғырлап аққан су — қаламыздың қайталанбас көрінісі. Алматы қашанда сонысымен әдемі болатын. Қала қызметтері өз жұмыстарын атқарып, арық жүйесін ретке келтіретін болады. Арықтарды таза ұстау, оған қоқыстарды лақтырмау – бәрімізге ортақ іс. Бұл менің қалалықтарға жасаған өтінішім», – деді Сағынтаев.