Браконьерлердің қолынан қаза тапқан инспектордың артында төрт баласы қалды

Фото Sputnik Казахстан
Фото Sputnik Казахстан
Қазіргі уақытта марқұмның денесін туған ауылына жеткізу мәселелері талқыланып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі браконьерлер оғынан жарақат алған инспекторлар туралы ақпарат жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұртазинов Қаныш Серікұлы 1976 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген. Ол – Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қоскөл ауылының тұрғыны. 2016 жылдың 5 қаңтарында «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК жұмысқа тұрған. Оның артында әйелі, үш қызы және 2011 жылы туған ұлы қалды», - делінген министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта марқұмның денесін туған ауылына жеткізу мәселелері талқыланып жатыр.

Министрліктің хабарлауынша, жарақат алған екінші инспектор Оспанов Самат Көшбергенұлы 1975 жылы Ақмола облысында туған. Білімі – орташа-арнаулы, заңгер.

Қазіргі таңда Саматқа Державинск аудандық ауруханасында ота жасалуда.  

Айта кетейік, инспекторлар Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген және киік ату фактісін анықтаған.

Заң бұзушылардың ізіне түскенде 10 өңірге – Қостанай облысына тиесілі ақ түсті «Нива» маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алған. Ақмола облысы Жарқайың ауданының полиция бөлімі күдіктілерді іздеп жатыр.

Еске сала кетсек, жыл басында Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында киік атқан браконьерлер екі инспекторды жаралаған еді. Ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында көз жұмды.

Новости партнеров