Елімізде ет бағасы неге қымбат

11.10.2023 02:22

Ел Президенті Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуды кезек күттірмейтін мәселелер тізіміне енгізді

Almaty.tv

Елімізде жыл санап мал басы көбейіп келеді. Биылдың өзінде  көрсеткіш 2,7 пайызға артып, төрт түлік 10 млн-ға жуықтаған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміз ет өнімдері бойынша жоғары көрсеткішке ие. Сала мамандары тіпті дәл осы бағыт бойынша өзге дамыған шет мемлекеттердің өзін шаң қаптырамыз деп отыр. Десе де, көпшілік көп тұтынатын сиыр етінің бағасы жыл санап қымбаттамаса, арзандамай тұр. Оған бірнеше фактор бар. Соның бірі – жем-шөп бағасының қымбаттауы және жанар-жағармай бағасының жылдап өсуі.

Нұрболсын Ибрагимұлы талай жылдан бері шаруашылықпен айналысып келеді. Төрт түліктің ішінде Зеңгі баба пірін өсіру әулет үшін ата кәсіпке айналған. Бүгінде мың бас сиыр ұстап отыр. Одан сапалы ет пен май алу үшін жемге байлап, қолдан семіртеді. Кейіннен қаладағы базарға өткізеді. Ет бағасының құбылуы – тікелей төрт түліктің күтіміне байланысты екенін айтты.

– Жемнің бағасы қымбат. Арпаны 90-95 теңгеден аламыз. Үкімет көмектессе, етті тұрақты бағаға сата аламыз.  Базарға етті 2600 теңгеге өткіземіз, ал олар 2700-2800 теңгеге сатады, – деді кәсіпкер Нұрболсын Мылтықбаев.

Бұл бағаға көпшіліктің көңілі көншімейді. Десе де ет құнының шарықтап жатқанына қарап жатқан халық жоқ. Соңғы тиынымызды санап берсек те, ет алуға тырысамыз дейді.

– Еттің бағасы қымбат. Сан етін 2900 теңгеден сатып алдық. Арзан болса, тиімді еді, – деді қала тұрғыны Асылбек Әжібаев.

– Зейнеткерлер үшін ет қымбат. Айына 85 мың теңге аламын. Ешнәрсеге жетпейді. Бәрі азық-түлік сатып алуға жұмсаймыз. Киімді мүлдем алмаймыз. Зейнеткерлер үшін қаладан арзандау дүкен ашып қою керек шығар, – деді  қала тұрғыны Сәуле Өркенбаева.

Жыл сайын ет өніміне сұраныс көбеймесе, азаймайды. Елімізде өткен жылы 540 тонна сиыр еті өндірілген. Қазақстан ет одағының төрағасы «ет бағасының құбылуына елдегі инфляция да әсер етеді» дейді. Теңге құлдыраған сайын азық-түлік бағасының өсуі заңдылық. Одақ мамандары қарашаға төмен бағада ет сатудың түрлі жолын ұсынып көрген. Десе де, ол сөз жүзінде қалып отырғанын айтады.

– Сату орындары мен азық-түлік дүкендеріндегі еттің бағасына бақылау жасай алмаймыз. Біз тек фермерлермен келісімге отырып, базарларда сатылатын еттің бағасын ғана реттейміз. Еттің көтерме бағасы тұрақты. Тек ол дүкенге барғанша бірнеше делдалдың қолынан өтеді. Бағаның қымбаттауы осыған тікелей қатысты болып отыр, – деді Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев.

Ел Президенті халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуды кезек күттірмейтін мәселелер тізіміне енгізді. Өнім көлемі мен оның сапасын арттыруды сала басшыларына тапсырды. «Бұл – стратегиялық міндет» деп қадап айтты. Жауаптылардың бұл бағыттағы жұмысты қолға алатынына сенім мол.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстанда тұрғын үй бағасы қалай өзгерді