Бүгіннен бастап «Алматы» арнасынан «Менің бапкерім» телехикаясын тамашалаңыз

15.11.2021 в 16:40

Спорт саласын дәріптейтін бұл туынды 12 сериядан тұрады

Алматыда «Менің бапкерім» атты сериал түсірілді. Жаңа туындыда «Қайрат» футбол командасының экс-мүшесінің бастан өткерген қиындықтары көрсетіледі. Бұл туралы Almaty.tv тілшісіне аталмыш телехикаяның бас режиссері Саят Саруар айтып берді.

Оның айтуынша, басты рөлді сомдайтын жігіт ауыр жарақатынан кейін араға 10 жыл салып, спорт мектебіне бапкер болып келеді.

«Сценарий бойынша басты рөлді сомдайтын жігіт – «Қайрат» футбол командасының экс-мүшесі. Ол алған жарақатынан кейін араға 10 жыл салып, жаттықтырушы ретінде қайта оралады. Оның өмірінде ұзақ уақыттық үзілістен кейін жаңа өмір басталады. Басты рөлде ойнайтын жігіттің есімі – Ерназар», – деді режиссер.

Спорт саласын дәріптейтін бұл туынды 12 сериядан тұрады.  Әр бөлімнің жастарға берер өзіндік мән-мағынасы бар.

«Бұл сериал жастарға арналған. Мен физикалық тұрғыда киноға түсуге қашан да дайынмын. «Менің бапкерім» сериалында әзілқой жігіттің рөлін сомдаймын. Негізінде, біз басты рөлде ойнайтын жігіттің қасында екінші планда жүреміз. Сценарий бойынша ұйымшыл командамыз. Бапкеріміз өте қатал, командасы жеңіліп қалмас үшін қолдан келгеннің бәрін істейді», – деді актер Әлихан Әділбеков.

Айта кетейік, телехикаяда Бейбарыс Бәден, Бақытжан Ақпаров, Айбар Салы, Ақбота Нұр, Дарын Шыныбек, Медет Дінмұхамед, Жасұлан Көпберген басты рөлде ойнайды. Аталмыш туынды 15 қазаннан бастап сағат 20:40-та «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.