58 жастағы әйел оқиға орнында тіл тарпай кетті
Таразда тағы жантүршігерлік жол апаты болды. Жолаушылар автобусы жаяу жүргіншіні жаншып, салдарынан әйел оқиға орнында тіл тарпай кетті. Қазір небәрі 22 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс басталыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Автобустың ішінен түсірілген бейнеден, қатты дыбыс пен әйнекке түскен жарықшаларды байқауға болады. Бірақ жүргізуші не қаққанын түсінбеген бе, жүрісін одан әрі жалғастырып барып тоқтаған. Ал бейнебақылау камерасындағы видеодан 58 жастағы жаяу жүргіншінің жасыл жанғанда жолға шыққаны анық көрінген. Автобус жаяуды жаншып, басып өткен. Көліктің «ӘулиеатаТрансПасс» автопаркіне тиесілі екені анықталды. Ал мекеме басшысы жас жүргізушінің жақында ғана қоғамдық көлік рөліне отырғанын айтып ақталды.
«Біздің мекемеге 1-1,5 ай бұрын қазан айында жұмысқа кірген. Бұл оқиғаға қатысты сіздерге толыққанды айта алмаймын. Себебі ІІБ-ның зерттеу шараларынан кейін айтылатын болады», – деді «ӘулиеатаТрансПасс» директоры Рашид Пірманов.
Қайғылы жайт таңғы сағат 8:50-де Жамбыл мен Төле би даңғылы қиылысында болған. Қазір Полиция департаменті жағдайды егжей-тегжейлі зерделеп жатыр. Анықталған тағы бір дерек, жүргізушінің қоғамдық көлікті тізгіндеуге санаты сәйкес келмейді. Яғни В санаты ғана бар екен.
«Әйел адам оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмсытық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Жамбыл облыстық ПД бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов.
Қайғылы жағдайдан соң марқұмның туыстарын іздеп көрдік. Дегенмен департаменттен жеке басына қатысты ақпарат таралмағандықтан мүмкін болмады.
Айта кетейік, 15 қыркүйекте Таразда осыған ұқсас жағдай болған. Жеңіл көлік аялдамадағы 4 адамды қағып, екеуі қаза тапқан еді.