Алматыда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ғалымдар кездесті
Қазақстанда тоңазытқыш және ауа баптау жүйелерін дамыту қолға алынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өйткені елде салынып жатқан түрлі ғимараттарға жылытқыш пен салқындатқыш орнату қажеттілігі арта бастаған. Сондықтан бұл салада шетелдіктерге телмірмей, отандық мамандарды даярлау қажет дейді ғалымдар. Дегенмен кәсіби кадрлармен бірлесе тәжірибе алмасу да аса маңызды. Бүгін Алматыда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ғалымдар кездесіп, ауаны жылыту және салқындату технологиясын талқылады. Айта кетейін, биыл алғаш рет Алматы технологиялық университетінде осы мамандықты үйрететін арнайы факультет ашылды.
«Бұл ерекше конференция дер едім. Себебі, мұнда ғылым - білім - бизнес - өндіріс сызбасы негізінде құрылған. Мақсатымыз – ғылым мен бизнесті бір-бірімен етене байланыстыру. Яғни, ғылыми жұмыстардың кәсіпте қолданысқа жарауы маңызды. Бүгінгі шараға ТМД елдері ғана емес, шетелдік мамандар да қатысып отыр. Пандемияға байланысты былтыр кездесу мүмкін болмады. Тәжірибелермен бөлісу үшін 7 серіктес компания келді», – деді Қазақстанның тоңазытқыш өнеркәсібі қауымдастығының президенті Александр Цой.