Бұл мәселені жақында ғана Үкіметте құрылған жұмыс тобы қарап жатыр
Елімізде бір жастан асқан балаларға жәрдемақы төленуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Дегенмен, ведомство басшысы нәрестелерге нақты қанша сомма төленетінін айтқан жоқ. Тек бұл мәселені жақында ғана Үкіметте құрылған жұмыс тобы қарап жатқанын жеткізді.
«Бұл мәселе қазіргі уақытта жұмыс тобында қаралып жатыр. Бастама бала бір жасқа толғаннан кейін де көмек көрсету үшін жас шегін ұзартуға, сонымен қатар, жәрдемақы көлемін арттыруға қатысты. Мұндай ұсыныстарды енгіземіз. Оны жүзеге асыруға болады», - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.
Сонымен, ведомствоның былтырғы жұмысын қорытындылаған министр Қазақстанның мемлекеттік қарызы 14,5 триллион теңгені құрады деді. Бұл – жалпы ішкі өнімнің 25 пайызға жуығы. Үкімет борыш көрсеткіштерін қысқартуға емес, оны қауіпсіз деңгейде ұстауға тырысады дейді министр.
«Мемлекеттік борыштың жалпы көлемінің 76 пайызын үкіметтік қарыз құрайды. Ол – 11 триллион теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 18,8 пайызы. Үкіметтік борыштың жалпы көлемінде ішкі борыш 55 пайызды құрайды, ал 45 пайыз – сыртқы борыш», - деді ведомство басшысы.