Мектепке дейінгі мекеме 50 бөбекке шақталған әлеуметтік нысан бүгін алғашқы 10 бүлдіршінін қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
50 орындық бөбекжай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерді. Бүгінгі таңда, Наурызбай ауданында жалпы саны 85 балабақша болса, оның 3-уі ғана мемлекеттік. Мектепке дейінгі мекемелердің шапшаң бой көтеруі бизнеспен әріптестік аясында мүмкін болып отыр дейді жергілікті билік өкілдері. Нәтижеде 328 миллион тенге инвестиция салынып, 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Бұл – жаңа заманауи балабақша. 100 миллионнан астам инвестицияны жеке кәсіпкер құйды. Бастапқыда 50 бала алынды. 10 тәрбиеші бар. Ауданымызда осымен 86 балабақша болды, оған 4500 бала келіп жүр», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЙ.
Әкімдіктің мәліметінше ауданда кезекте тұрған бөбек жоқ. Осылайша, билік басындағылар халықты орталыққа сабылтпай, қажеттіліктерді өз ауданынан тауып беруге мүмкіндік жасап келеді.
«Бізге осы балабақша өте ұнап қалды. Біздің ауданымыздан, үйіміздің жанымыздан ашылып жатыр. Бағасы да тиімді. Өзі таза. Қазір көріп отырғанымыздай іші таза, жайлы, жылы, кең, жарық бөлмелері. Дән ризамыз», – деді ата-ана Шолпан ОСПАНОВА.
Аталған ауданда жыл соңына дейін тағы бірнеше жаңа балабақша ашу жоспарланып отыр.
Арнат Дүйсен, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы