Елімізде экономиканың барлық саласында бизнес жасауға мүмкіндік бар - Ерұлан Жамаубаев

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыдағы халықаралық форумға әлемнің 40-тан астам елінен инвесторлар келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Экологиялық мәселе, көлік инфрақұрылымы, энергетика саласы және логистика. Қазақстан осы бағытта шетелдік инвесторлардың қолдауымен ауқымды бастамаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Ол үшін бүгін Алматыда әлемнің 40 елінің делегаты қатысқан ауқымды форум басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алқалы жиында ең ірі қаржы мекемелері мен 240-тан астам инвесторға еліміздегі маңызды жобалар таныстырылды. Бұл – қалталы азаматтардың ел экономикасының дамуына үлесін қосып, маңызды бастамаларды қаржыландыруына жол ашады.

Әлемнің аса ірі қаржы мекемемелері, алпауыт қорлары, даму институттарының делегаты бүгін Алматыда бас қосты. Маңызды іс-шараның мақсаты – еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, республика экономикасын тұрақты дамыту. Бұл мақсатта 40 елден келген қалталы азаматтарға Қазақстанда жүзеге асырылатын бірқатар жоба таныстырылды. Жиылғандар алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты да оқылды. Президенттің ыстық лебізін жеткізген ел Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі осындай бастамалардың арқасында былтыр Қазақстанға 28 миллиард доллар инвестиция тартылғанын айтты. Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

– Қазақстан шетелдік инвестициялар ағыны бойынша орта Азия мемлекеттері арасында өзінің көшбасшы рөлін сақтап келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 28 миллиард долларды құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Елімізде экономиканың барлық саласында бизнес жасауға мүмкіндік бар. Құрметті достар, Үкімет инвесторлармен терең ынтымақтастық орнатуға әрдайым дайын, – деді ҚР Мремьер-министрінің орынбасары- Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Азия және Тынық мұхиты даму институттары қауымдастығының құрамына бүгінде 91 қаржы институты кіреді. Олар – Азия Даму Банкі, Жапония Халықаралық Ынтымақтастық Банкі, Канаданың коммерциялық даму банкі және Қытайдың мемлекеттік даму банкі. Бұл алпауыт қаржы мекемелері әлем елдерінің инвестициялық ынтымақтастығына жаңа серпін беріп, қаржы-экономикалық қуаттылығын арттырып келеді.

– Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл жиынның маңызы зор. Басқосу – 2030 жылға дейін көптеген елдің тұрақты дамуына және Париж климаттық келісіміне қол жеткізу үшін бірлескен жобаларды талқылау алаңына айналды, – деді Ipdc Finance бас директоры Моминул Ислам (Бангладеш).

Ауқымды форумның Алматыда өтуінде ерекше мән бар. Өйткені мегаполис – ел экономикасының қозғаушы драйвері, іскерлік және қаржы орталығы. Мұнда республикадағы бас банктердің 90 пайызы шоғырланған, 111 халықаралық ұйым мен компания бар. Сондықтан қаланы дамыту үшін инвесторларды тарту маңызды, – деді шаһар басшысы Ерболат Досаев.

– Қазақстан 2006 жылдан бері Еуропалық Даму Банкінің құрылтайшыларының бірі болып табылады. Биыл біз бұл қаржы ұйымындағы үлесімізді едәуір арттырдық. Қазіргі уақытта Еуропалық Даму Банкімен бірлесіп, Алматыда ЖЭО-ны модернизациялау, әуежайдың жаңа халықаралық терминалын және Үлкен Алматы айналма автожолын салу сияқты маңызды жобаларды іске асырып жатырмыз, 2,2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Айта кетейік, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін форумға Еуразиялық Даму Банкі мұрындық болып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл Қазақстанның энергетика, цифрландыру, көлік, логистика, экология секілді маңызды саласын қаржыландыруға басымдық берілмек. Ол үшін Қазақстан басқа елдермен 50-ден астам келісім жасасып, 54 мемлекеттің инвесторлары үшін визасыз режим қабылдап отыр.

– Бүгін Азия Даму Банкі Алматы ЖЭО жаңғырту мәселесіне тоқталды. Демек банк аталған нысанды қаржыландыруға дайын. Біз барлық ірі инвесторды Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға әкелуді маңызды деп санадық. Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігі мол. Ұсынатын жоба да аз емес, – деді Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов.

«Қазақстан Халықаралық жоғары деңгейдегі іс-шараны өткізу үшін кездейсоқ таңдалмады» дейді шетелдік қаржыгерлер. Өйткені, еліміз Doing Business рейтингінде 190 мемлекеттің ішінде 25 орында тұр. Екі күнге жоспарланған форумда қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері үшін маңызды жобаларды талқылап, бірқатар меморандумға қол қоймақ.

Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров