Арыс қаласын қалыпқа келтіру үшін 20 миллиард теңге қажет

02.07.2019 21:40

Шаһарда 8 мыңнан астам үй бүлінген, соның ішінде 70 үй мүлдем жермен-жексен болып қираған

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Арыста болған апаттың шығын көлемін жария етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомство басшысы апат салдарын жоюға байланысты бүгінге дейін атқарылған жұмыстар туралы толықтай ақпарат берді.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір апта бұрын болған жарылыстан 57 адам зардап шегіп, соның үшеуі мерт болған болатын. Соңғы дерек бойынша, шаһарда 8 мыңнан астам үй бүлінген, соның ішінде 70 үй мүлдем жермен-жексен болып қираған. Қазір апат орнында әлі де бағалаушылар есеп жүргізіп жатыр.  

«Бұл сома түбегейлі емес. Кеше ғана осы мәселені талқылаған болатынбыз. Әзірге апат шығыны 20 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Бұл – қаланы қалыпқа келтіру үшін қажет қаржы. Бірақ ол әлі де өзгеруі мүмкін. Қазір осы ретте бағалаушылар жұмыс істеп жатыр. Нақты сомасы шілденің 15-інде белгілі болмақ», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир БЕККЕР.

Белгілі болғаны, қазір қалада 1300-ге жуық сапер жұмыс істеуде. Олар Арыс аумағын снарядтардан тазартып жатыр. Бүгінге дейін қаладан 11400 оқ-дәрі мен бөлшек табылған.

«Теміржол тораптарын тазарту барысында мамандар жарылмаған снаряд тауып алды. Ол өздігінен іске қосылып қалған. Мұны көрген саперлардың өздері де таңқалды. Снарядтардың жарылу қаупі төмен. Десе де, «Сақтықта қорлық жоқ». Тұрғындарға снаряд бөлшектері кездессе, не істеу керектігі туралы жаппай түсіндірілді», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир БЕККЕР.