Мұндай деректерді электр энергиясы тарифіне қатысты пікір білдірген «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығының директоры Айдын Бақдолотов келтірді
Қазақстандағы электр желілерінің 55, ал жылу желілерінің 80 пайызы тозған. Мұндай деректерді электр энергиясы тарифіне қатысты пікір білдірген «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ орталығының директоры Айдын Бақдолотов келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Айдын Бақдолотовтың мәліметінше, бүгінде еліміздегі генератор құрылғыларының - 78, электр желілерінің - 55, жылу желілерінің - 80 және су құбырлары желілерінің - 49 пайызы тозған.
Ол қазіргі нарықтағы тарифтер құнының төмен болуы - қажетті құрылғыларды жаңартуға кедергі болып отырғанына тоқталды.
«Тарифтерді төмен бағамен жасанды ұстап тұру салдары жарықты жиі сөндіру және жылу электр стансаларындағы апаттарға апарып соғады. Ол халық пен бизнеске қып-қызыл шығын әкеледі. Қалыптасқан жағдай бұл бағыттағы экономикалық саясатты қайта қарауды талап етеді», - деп санайды Айдын Бақдолотов.
Сарапшы болжамынша, тарифтерге қойылған шекті бағаны қайта қарау мәселесі қолға алынса, онда тозған құрылғылардың 15 пайызын жаңартуға болады.