|
23.10.2019 | 16:41
3012

«Қанатты әйел» жәрмеңкесінің жеңімпаздары анықталды

Жәрмеңке биыл оныншы рет өтіп жатыр

«Қанатты әйел» жәрмеңкесінің жеңімпаздары анықталды

«Қанатты әйел - жаңа идеялар жәрмеңкесі». Игі бастама Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ұйымдастырылуымен биыл оныншы рет өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – орта және шағын кәсіпті жүргізетін әйелдер қауымының идеялары мен тауарларының жәрмеңкесі. Жаны нәзік болса да істің көзін тауып, шағын кәсібін дөңгелетіп жүрген Гүлзима Байдамбекова бүгінде кәсіпкер болғанына  10 жылға жуықтапты.  Басында перделер тігіп, кейін келе-келе кәсібін кеңейте түскен. Бүгінгі жәрмеңкеге жаңа идеясын ұсынды. Ол кілемдерге арналған - қап. Айта кетейік, бұл бұған дейін нарықта болмаған кәдеге жарар тың дүние дейді.

«Клиенттердің сұранысы бойынша пайда болған идея. Кілемқап – кілемдердің сыртына қаптап, кірлегенде шешіп алып жууға ыңғайлы зат», – деді кәсіпкер Гүлзима БАЙДАМБЕКОВА.

Әйелдер әзірлеген және дайындаған идеялар мен тауарлар жәрмеңкесі осымен оныншы рет өтуде. Мақсат  – кәсіпкер келіншектерді қолдап, жұмысын жандандыруға мүмкіндік жасау. Байқауға қатысқан 27 орта және шағын бизнес өкілдерін «Табысты стартап», «Әлеуметтік-жауапты бизнес» және «Өз ісіне адалдық» үш номинация бойынша марапаттады.

«Біз ерікті ретінде тұрмысы төмен не енді бастаған кәсіпкерлерге қол ұшын беріп жатқандарға, сондай-ақ ұлттық дәстүрін көрсете білетіндерге және жаңа технологияны қолданғандарға, көңіл бөлдік», – деді Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Жібек ӘЖІБАЕВА.

Салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға арналған балкүлшелер «Табысты стартап» аталымын жеңіп алды. Кәсіпкердің айтуынша, әсіресе, қант диабетімен ауыратындарға тәтті өнімнің денсаулыққа ешбір зияны жоқ дейді.

«Кәсібіміз жаңадан бастау алды. Тәтті өнімдеріміз қант диабеті ауруына шалдыққандарға және  салауатты өмір салтын ұстанатындарға арналған. Барлық өнімдеріміздің калориясы аз, қантсыз және пайдалы», – деді «Табысты стартап» аталымы бойынша жеңімпаз Диана ПАК.

Айта кетейік жәрмеңке әр жыл сайын ұйымдастырылады. Мамандар мұндай шараның кәсіп өкілдерін ынталандыруда рөлі ерекше деп бағалады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир