Ескертіш ауылдағы орталық саябақта орналасқан
Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы, Жаңғызтөбе ауылында 2020 жылы ашылған Кенесары ханның ескерткіші көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ескерткіш суретін әлеуметтік желіге журналист Азамат Қасым жариялады.
«Алаштың алапатын асырған Кенесары ханға ескерткіш қойған жармалық, яғни жаңғызтөбелік азаматтарға риза болдым», – деп жазды А.Қасым.
Журналист қазақтың соңғы ханы саналатын Кенесары ханның ескерткіші байтақ еліміздің әр түпкірінде болуы тиіс деген ойда.
«Кенесары ханның ескерткіші өзіме қатты ұнады. Айбарлы, жинақы жасалған, ханның бейнесін мүсінші дәл берген. Кішкентай ғана ауылдағы үлкен жүрекпен жасалған дүние деп қарауға болады. Қазіргі кезде еліміз бойынша Кенесары ханға арналған ескерткіштер аз, негізінде Хан Кененің ескерткіші Қазақстанның әр ауылында, ауданында, қаласында болуы керек деп есептеймін», – деді Азамат Қасым.
Журналист Мақсат Толықбай да ескерткіштің өзіне ұнағанын айтады.
«Негізі, үлкен қаланың төрінде тұратын ескерткіш қой. ШҚО, Жарма ауданы, Жаңғызтөбенің азаматтары қазақтың соңғы ханы Кенесары ханға ескерткіш қойған екен. Сұсты, рух бар сияқты. Білмеймін, маған ұнады», – деп жазды ол.
Ал кәсіпкер Нұркен Асанов мұндай ескерткішті облыс орталығына орнату керек екенін айтады.
«Қазақтың соңғы ханы Кенесарыға арналған ескерткіш. Шығыс Қазақстан облысы, Жаңғызтөбе ауылындағы саябаққа орнатылған. Облыс орталығында тұратын ескерткіш екен. Авторы – семейлік Мәукен Өтежан», – деді ол.
Ескерткіш ауылдағы орталық саябақта орналасқанын айта кетейік.