Алматыға үлкен өрмекшілер келді. Егер сіз жәндіктерден сескенетін болсаңыз, ондай қорқыныштан арылудың қарапайым ғана тәсілі бар екен. Буынаяқтыларды 8 жылдан астам зерттеп жүрген Рашид Бараев осылай айтады. Сонымен ол қандай тәсіл? Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов та фобиясын жеңу үшін өрмекшілерді өз қолымен ұстап көрген болатын.
Рашид өзінің хоббиын кәсібіне айналдырған жандардың бірі. Бала кезінен жәндіктерден мүлде қорықпай өскендіктен оларға деген қызығушылығы артып, зерттей бастаған. Қазіргі таңда оның топтамасында буынаяқтылардың 30-ға жуық тропикалық түрі бар. Мұның барлығын Оңтүстік және Солтүсітік Америка мен Африка, Азия елдерінен алдыртқан.
«Өз жұмысымды, тәжірибемды адамдармен үнемі бөліскенді жақсы көремін. Адамдардың көпшілігі қорқынышпен өмір сүреді. Оларды жеңуге болатынын дәлелдегім келеді. Мысалы, өрмекші секілді кез келген жәндіктің басқа да қорқынышты заттардың біз білмейтін шындығы болады», – деді кәсіпкер Рашид Бараев.
Өрмекшіні көруге жиналғандардың басым бөлігі қорқынышын жеңуге келгендер. Олар Рашидтың көрсеткен тәжірибесінен кейін фобиясын жеңіп, жәндікті ұстап көрді.
«Жаңағы кісіні тыңдағаннан кейін қорқынышым басылды. Бірақ бәрібір өрмекшіні бірінші рет ұстап көргеннен кейін кішкене дірілдеп қорқыныш болды. Бірақ ұстап көрдім. Енді олай қатты қорықпаймын деп ойлаймын», – деді тұрғын Адина Мырзахмет.
Бұл менің өрмекшіні бірінші рет ұстап көруім. Шыны керек, басында тістеп немесе шағып алатындай қорқынышты сезім басым болған еді. Әсіресе, жұмсақ аяқтары қолға тітіркендіргіш реакция береді. Алайда өзімнің батылдығымның арқасында фобиямнан арылдым. Сіз де өзіңізді сынап көріңіз.
Рашидтың айтуынша, әр өрмекшінің өз мінезі болады. Мысалы, қызыл ала бұл жәндіктер өте жуас және тыныштықты жақсы көрсе, кейбіреуі өте ашуланшақ болады. Сол кезде оларға жай ғана сабырлық танытып, бабын таба білу керек. Егер қатты шошынатын болсаңыз, сол жерде шағып алады екен. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай кездесуді еліміздің басқа қалаларында да өткізбек.
Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы