Былтыр ойын бизнесі қазынаға 90 млрд теңге салық төледі
1 желтоқсанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев "Қонаевтағы ойынханалар жабыла ма?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Қазір Қонаевта бес ойынхана жұмыс істеп тұр, басқа да ойын бизнесі субъектілері бар. Әкімнің жауабына қарағанда, әзірге оларды жабу жоспарда жоқ.
- Ойынхана саласы мен онда жұмыс істейтіндерді есептесек, шамамен 7,5 мың адам болады. 64 мың адам тұратын қала үшін бұл үлкен үлес. Өткен жылы ойын бизнесі субъектілері 90 миллиард теңгеге жуық салық төлеген, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Алматы облысының әкімі лудомания мәселесіне де тоқталды. Ол ойынхананың ережелері айтарлықтай қатаң екенін атап өтті: оған бару үшін қалтаң қалың болуы керек. Сондай-ақ туыстарының немесе құқық қорғау органдарының өтініші бойынша адамға ойынханаға кіруге тыйым салынуы мүмкін.
- Мобильді интернет арқылы таралып жатқан онлайн ойынханалармен және лудоманиямен көбірек күресуіміз керек, - деді Марат Сұлтанғазиев.
Оқи отырыңыз: Алматы жастары бағдарламасымен жыл соңына дейін қанша адам баспаналы болады