Мәжіліс депутаты: Президент Жолдауы – жылдың басты құжаты

01.09.2021 21:42

Жолдауда әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысын 2022-2025 жылдары 20 пайыздан асырып отыру көзделген, бұл өзгеріс 650 мың адамды қамтиды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Президент Жолдауындағы жаңа бастамалар жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының қай сөзі де маңызды. Әсіресе жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаудың жөні бөлек. Өйткені Президент Жолдауы – жылдың басты құжаты. Бүгін де көптің көңілінен шығатын, жұрттың жүрегіне жететін Жолдау болды деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені Тоқаевтың сөзінде өміріміздің ең бір өзекті мәселелері көрсетілді. Негізінен проблемаларға құрылды, қолдағы бар табыстарды орнықтырудың және жаңа шептерді алудың қиын міндеттері алға қойылды. Ал, елге тікелей келетін жақсылықтарды айтсақ, алдағы 5 жылда сапалы ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету – ел үшін ерекше қуанышты жағдай болмақ. Содан кейін ең төменгі жалақы мөлшерін 60 мың теңгеге дейін өсіру де миллиондаған адамдардың тұрмыстық жағдайын жақсартатын дүние, себебі барлығы осы көрсеткішке байланысты өзгереді», – деді депутат Парламент Мәжілісінде тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге, Жолдауда әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысын 2022-2025 жылдары 20 пайыздан асырып отыру көзделген, бұл өзгеріс 650 мың адамды қамтиды.

«Содан кейін елдің психологиясын өзгерту, патерналистік психологиядан арылу, масылдық көңіл-күйден арылу жөнінде үлкен мәселелер айтылды. Ұлт зиялыларының миссиясы туралы айтылды. Жалпы көп ойға қалдыратын, толғандыратын, алдағы міндеттердің күрделілігін халыққа сезіндіретін Жолдау болды деп айтамыз. Енді тек іске кірісу керек», – деді С. Абдрахманов.

Айта кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің екі палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Жолдауда Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы жылға арналған басым мақсаттарын жария етті.