ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында ҚР Ұлттық ұланының құрылғанына 31 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңнен бастап елдің қоғамдық қауіпсіздігімен ішкі тәртібін күзету, түзеу мекемелері мен аса маңызды нысандарды қорғау мақсаты мемлекетіміздің алдындағы маңызды мақсаттардың бірі болып тұрды. Осы мақсатта 1992 жылдың 10 каңтарында ҚР Президентінің Жарлығымен ІІМ Ішкі әскерлері құрылды.
2014 жылдың 21 сәуірінде Ішкі әскерлер Ұлттық ұлан болып қайта құрылды. Ал 2015 жылы «Ұлттық ұлан туралы» заң күшіне енді.
Қауіпсіздіктің қалқаны, егемен еліміздің қорғаны Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихи жылнамасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1992 жылы 10 қаңтарда ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Жарлығына қол қойғаннан бастап жазыла бастады. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін қабылданған бұл реформалық шаралар бағамының тарихи құндылығын айтпасақ та түсінікті. Ұлтты ортақ игілікке ұйыту, ел бірлігін сақтау, тыныштықты қамдау, өндірістегі өркенді істерге жол ашудың барлығы да елін сүйе білген, елдікті бекемдей білген мемлекет басшысының ерен еңбегінің жемісі.
Мерекелік шара жауынгерлік ту кіргізілгеннен кейін, мемлекеттік Әнұран орындаудан басталды.
Аталмыш шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының және Алматы гарнизонындағы әскери бөлімдердің жеке құрамы, Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты.
"31 жылда жасалған игілікті істер аз емес. ҚР Президенті – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қамқорлығының арқасында Ұлттық ұлан қалыптасу жолынан өтіп, дамуға көшті. Осы жылдары әскердің кәсіби сапасы еселеп артты. Оның материалдық-техникалық қамтылуы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан елдің сенімін ақтайтын айбынды күшке айналды. Бүгінгі кәсіби мерекеде өңірлік қолбасшылықтың барлық жеке құрамына, ардагерлерге зор денсаулық, берек бірлік, амандық, ел игілігін еселеу жолындағы еселі еңбегіңізге толағай табыс тілеймін" – деді полковник Ниязтай Әлкешев.
Бұдан кейін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Бекайдар Қазкеев сөз алып, мерекелік жиында қызметтік міндеттерін адал атқарып, үздік жетістіктерге қол жеткізген әскери қызметшілер мен Ұлттық ұланның қарқында дамуына өз үлесін қосқан ардагерлерге құрмет көрсетті. Марапаттау рәсімінен кейін еліміздің тәуелсіздік алғалы өткен тарих жолына тоқтала келіп, оның ішінде Ұлттық ұланда болған оң өзгерістерді және оған ұландық жауынгерлердің қосқан үлесін мақтанышпен атап өтті.
Іс-шараның ресми бөлімінен кейін мерекелік концерт өтті. Көрермендер алдында «Генерал» тобының әншілері өнер көрсетті.