Елімізде күзде баспана бағасы арзандайды. Жылжымайтын мүлік агенттігінің мамандары осындай болжам жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуларынша, қазірдің өзінде бастапқы және қайталама нарықтағы пәтер құны 1-2 пайыз төмендеген. Баспананың арзандағанына қарамастан үйден үміттілер қатары сиреп кетіпті.
«Тұрғын үй нарығындағы тоқырау күзде басталады». Мамандардың сөзіне сенсек, биыл кез-келген санаттағы баспана бағасы айтарлықтай төмендеген. Жер үйлер 15-20 пайыз арзандапты. Ал су жаңа деген тұрғын үй кешендерінің сатылымы көңіл қуантарлық емес көрінеді.
«Осы үш айдың көлемінде қысқа дейін пәтерлерді сатып үлгеру керексіз. Себебі күзде сатпасаңыз, пәтерлер тұрып қалады. Қыста сұраныс азаяды. Бағалар осы уақытта өспейді, себебі несие өте қымбат. 16-19 пайыз несие өте қымбат», – деді Жылжымайтын мүлік агенттігінің басшысы Ғалым Ысқақов.
Сарапшы соңғы 3 айда баспана нарығында айтырлықтай өзгеріс болғанын айтты. Тиісінше баға құбыла түсіпті. Қазір ел бойынша Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облысында пәтер құны ең арзан болса, ең қымбаты Нұр-Сұлтан, Алматы қаласында екен. Бас қаладағы үйдің шаршы метрін 380 - 410 мың теңге аралығында табасыз. Ал өзге өңірлерде баға 210 мың теңгеден басталады.
«Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 2020 жылмен салыстырғанда 19 пайыз өстіп, 2,4 трлн теңге құрады. Сонымен қатар 150 000 жуық азаматтар үй жағдайын жақсартты. Мемлекеттік инвест шеңберінде 30 000 әлеуметтік тұрғын үй салынды. 18,5 мың жеңілдікті қарыз берілді», – деді ҚР ИИДМ Тұрғын үй қатынастары басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл.
Ұлттық статистика бюросының ақпарынша, наурызда бастапқы жылжымайтын мүлік бағасы ақпанмен салыстырғанда бірден 5,5 пайыз қымбаттаған. Тиісінше, жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 0,5 пайыз төмендепті. Сарапшы сұраныстың күрт азаю себебін қымбатшылықпен байланыстырды.
Тұрғын үйлерді пайдалануға беру ісінде құрылыс қарқыны Абай, Ұлытау, Жетісу облысында төмендеген. Бұл аймақтарға жыл басынан бері 800 пәтер ғана қолданысқа өткен екен. Ал жыл соңына дейін елде 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.