Бұл туралы қалалық мәслихаттың 27-сессиясында белгілі болды
Алматыда оқушыларды тасымалдауға арналған 100 шақты жаңа мектеп автобусы сатылып алынады. Мұғалімдер үшін де жақсы жаңалық – олардың күнделікті оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа дейін қысқарады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың 27-сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін депутаттар алдағы жылдағы бюджетті нақтылауға жиналды. Мәліметтерге сәйкес, барлық саланы дамытуға жалпы соммасы 105 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Оның 37 пайызы басқа жобалардың игерілмеген қаржысы екен. Мемлекеттік қарызды өтеуге қырық миллиардқа жуық теңге жұмсалады.
«Мемлекеттік қарызды мерзімінен бұрын өтеу алдағы уақытта сыйақы түріндегі 2,1 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар шараларды қолдауға жұмсалады. Бюджеттегі басым бағыттағы жобаларды қолдау үшін жергілікті бюджетті 63,8 млрд теңгеге ұлғайту көзделген. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алудан үнемдеу есебінен қамтамасыз етіледі», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.
Сондай-ақ, 4 миллиард теңге мектептегі ұстаздардың жалақысын көтеруге жұмсалады. Ал тағы2,5 миллиард теңге халықты әлеуметтік қолдауға бағытталады. Оған қоса, алып шаһардағы балаларға арналған жедел жәрдем көлігіндегі операциялық блоктың құрылысы жалғасады. Ол үшін 1,5 миллиард теңге бөлінбек. Келесі жылы 2 мың зейнеткер үшін сауықтыру жылы болмақ.
«Жалпы денсаулық сақтау саласына 1,8 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде 346 мүмкіндігі шектеулі жанның көмекшілеріне 183,1 млн.теңге бөлу жоспарланып отыр», – деді қалалық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынай Төлеутаева.