Отызында орда құратын жас буынға арнап жаңаша жинақ жарыққа шықты. Ұлттық және адамзатқа ортақ құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, аңыз-ертегілерді санаға сіңіруді мақсат еткен OrdaGen жобасы күні кеше тұсаукесер өткізді. Онда 1 мыңға жуық ертегі мен оның аудионұсқасы, сондай-ақ, кейіпкерлерге негізделген мультфильм де таныстырылды. Айта кету керек, аталған контентті көпшілік мобильді қосымшалар арқылы тегін жүктей алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бұл – төл туынды. Ертегілер өте сапалы және сауатты жазылған. Кітапта әрбір бейнені суретшілер арнайы осы ертегілерді оқып, аудионұсқасын тыңдап салған», – дейді журналист Асхат Садырбай.
Жоба негізін қалаушылар енді жарық көретін ертегілердің санын 10 мыңнан асыруды көздеп отыр. «Балаларға ұсынылатын контенттің басты ерекшелігі – оның заманға сай болуында» дейді авторлар. Ал мобильді қосымшаны күніне орта есеппен алғанда,15 мың адам қолданады екен. Бұл қоғамдық сұраныстың төл тіліміздегі туындыларға деген қызығушылығын көрсетеді.
«Біздің ойымыз орда бұзатын емес, орда құратын ұрпақты тәрбиелеу. Қазіргі таңда бүлдіршіндеріміздің тілі таза қазақ тілінде емес, өзге тілдерде шығып жатыр. Соны дұрыстайық деген мақсатта ертегілер кітабын шығардық. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дегендей, осы істі қолға алып жатқан жайымыз бар. Бесіктегі бала не тыңдайды? Әлбетте, ертегі тыңдайды. Сондықтан қазақ тілінде ертегілер кітабын шығардық», – деді жоба директоры Парасат Тәнен.