Жертөле суға толып кетті – Алматы тұрғындары құрылыс компаниясына наразылығын білдірді

Almaty.tv
Almaty.tv
Онда 2 мыңға жуық адам тұрады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы мемлекеттік бағдарламамен салынған бірқатар көпқабатты үйдің жертөлесін су басып жатыр. Ал бұған жергілікті тұрғындар құрылыс жүргізген мердігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жандосов» тұрғын үй кешені 2014 мен 2018 жылдар аралағында салынған. Оған дейін мұнда ескі үйлер болған. Кейін олар сүріліп, орнына мемлекеттік бағдарламамен 7 үй салу жоспарланады. Дегенмен тұрғындардың айтуынша, сапа сын көтермейді.

«Үйдің асты шылқылдаған су. Аяғымызбен кешіп жүреміз. Үстінен жауын өтіп жатыр. Бәріміз ақша да жинадық. Дым болмады. Су аққанда үстідегі көршіден сұраймын. Бір үйдің астына су қалай кетіп жатыр. Түсінбеймін», – деді қала тұрғыны Перизат Әлібек.

Жертөледен бөлек, көлік тұрағына да су кетіп бүгінде ол жақтан көгерген иіс шығады. Қабырғалары ылғалданып, темір құбырлар тот басып кеткен. Көпшілік бұлай жалғаса берсе, бір күні үй опырылып түседі деп алаңдайды.

«Мұнда гидроизоляция дұрыс жасалмаған. Бетон құйылғаннан кейін үстіне 4 қабат гидроизоляция төселу керек. Ал мұнда бетоннан кейін бетін асфальтпен жаба салған. Соның кесірінен судың бәрі жертөлеге ағып, көлік тұрағы да ылғал тартып жатыр», – деді МИБ төрағасы Марат Есен

Айта кететіні, мердігерлердің олқылығын бұған дейін оларға тапсырыс берген күрделі құрылыс кәсіпорны да байқаған. Екі тарап бір-бірімен келіспей сотқа жүгінген. Алайда үкім мердігерлердің пайдасына шешілген. Ал жаңадан келісім жасалған мердігер үйге бір рет жөндеу жасаған.

«Былтыр тұрғындардың шағымы бойынша біз жөндеу жұмысын жасадық. Қазіргі таңда мердігерге тапсырманы бердік. Уақытысында. Мердігердің 2 жылдық кепілдік мерзімі бар. Сол аралықта қай жерден су кетті, сол жерге жөндеу жұмысын жүргізеді. Олар осы аптаның ішінде жұмысты бастау керек», – деді Күрделі құрылыс кәсіпорнының бас инженері Бауыржан Төлеғұлов.

«Жандосов» тұрғын үй кешеніндегі 6 үй қолданысқа берілген. Қазір онда 2 мыңға жуық адам тұрады. Ал жоспардағы 7-үйдің құрылысы әлі аяқталмаған.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров