Алматы қаласы бойынша мәжбүрлі еңбекке тартылуы тиіс сотталғандардың саны 1110 адам
Қылмыстық кодекстің жеңіл түрі бойынша сотталғандар қаланы тазалауға тартылып жатыр. Аяғын шалыс басып, қателік жасағандарға бұл таптырмас мүмкіндік дейді қалалық пробация қызметінің мамандары. Сотталғандар қандай жұмыс істейді? Қанша уақыт мәжбүрлі түрде еңбек ету керек? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбектің бейнематериалынан білейік.
Алмат Айтақын Алматы қаласының тумасы. Осыдан үш ай бұрын көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылып, бас бостандығы 2 жылға шектелген. Кейін сот шешімімен қоғамдық жұмыс істеуге жіберіледі. 24 жастағы Алматтың сөзінше, енді ол екі жыл ішінде 200 сағат осындай жұмыс істеуі тиіс екен.
«Осындай мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Қазір қамап та жатыр ғой. Енді өстіп өтейміз. Қолмен істегенді, мойнымызбен көтеріп жатырмыз, былай айтқанда», – деді жазасын өтеуші Алмат Айтақын.
Жазасының ауырлығына қарай заңды бұзған адам түрлі жұмысқа жегілетін көрінеді. Қылмыстық кодекстің жеңіл түріне іліккендерге де осындай жеңілдік қарастырылған. Мамандар, мұндай пробация сотталушы мен мемлекетке тиімді.
«Қыстың күні, өзіңіз көргендей, қар тазалау, мұз ою деген сияқты алаңқайларды тәртіпке келтіреді. Жаздың күні тағы басқа. Қазақта еңбекпен тәрбиелейді ғой. Сол еңбекпен тәрбиелеп, одан кейін ондай қылмысқа бармауына меніңше сол тәрбие ретінде де қоғамдық жұмысқа, мәжбүрлі жұмысқа пайдаланған дұрыс деп ойлаймын», – деді Әуезов ауданы ПИК қауымдастығының төрағасы Мұратжан Жақыпбай,
Жыл басында Алматы қаласы бойынша мәжбүрлі еңбекке тартылуы тиіс сотталғандардың саны 1 мың 110 болса, қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелгендер 217 болған. Осы күні бұл сандардың саны азайып келеді. Ал, сотталғандардың дені жазасын пробация арқылы өтеуге тырысады екен.
Өмір Әнуарбек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы