Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамасына болысып, үндеуіне үн қосуға бекіген Алматы қалалық мәслихатының депутаттары террорлық шабуыл кезінде ерлік көрсетіп, алаңда тыныштық орнатуға атсалысқан бір топ жас сарбазға барып, көңілін сұрап, арнайы сыйлықтарын табыс етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ 75/52 Ұлттық ұлан әскери бөлімшесінің госпиталінде жатқан жауынгерлерге қолдауын жеткізді.
«Бүгін міне, Алматы қаласы мәслихат депутаттары ерлік көрсеткен жауынгерлердің жағдайын біліп, өз қаражатымызға кішігірім сыйлықтар табыс еттік. Оларды көріп біздің де еңсеміз көтеріліп қалды», – дейді қалалық мәслихат депутаты Мұхтар Зүлеев.
Бүлікшілермен қақтығыс кезінде жарақат алып, Ұлттық ұлан бөлімшесіне келіп түскен 25 сарбаздың жағдайы қазір жақсы. Тиісті тексерістерден өтіп, қалыпқа келді дейді дәрігерлер. Сол уақытта жедел-жәрдем жеткізген барлық жауынгерге осы мекемеде ота жасалыпты.
«КамАЗ-ға отырып бара жатқанда шабуыл жасалып, содан ауруханаға түстім. Қазір аяғым сынды, бірақ ептеп тәуір болып келемін. Ем-дом алып, жақсарып келемін», – деді сарбаз Нұртөре Ғалымжанұлы.