Қазақстанда ақбөкендерді атуға қайтадан тыйым салынды

Almaty.tv
Almaty.tv

Бұл - уақытша шектеу

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ақбөкендерді атуға қайтадан тыйым салынды. Алайда бұл уақытша шектеу. Себебі сұлу жануардың популяциясы көбейсе ғана атуға рұқсат берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Экология министрі Ерлан Нысанбаев ақбөкендердің санын реттегенін мәлімдеп, енді ол жануарды атуға тыйым салып тастапты. Алайда киіктердің саны алдағы уақытта қайтадан көбейсе, атуға рұқсат етіледі.  

– Былтырғы киік төлінің санын ескере отырып, биыл мамырда санақ жүргізіледі. Болжам бойынша, 40 пайызға өсті деп айта аламын. Төлдеу кезінде, есепке алсақ, былтырғы киік төлі бойынша популяция шамамен 2,5-2,6 миллион бас болады. Сонымен қатар, киік төлі бойынша пессимистік болжам 30 пайыз болса, шамамен 700-750 мың бас болады деп күтеміз, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Мәжілісте орманды қорғау тақырыбына арналған үкімет сағатында депутат Нартай Сәрсенғалиев Абай облысындағы өрттен кейін орманшылардың жалақысы көтеріліп, бірақ оның шарапатын басшылар ғана көріп отырғанын әшкереледі. Депутаттың сөзінше, 100 пайыз жалақы тек басшылар, директорлар, орынбасарлар, инженерлер сынды жоғары лауазымды тұлғаларға қосылған.

– Бүгін таңертең осы отырысқа дайындалғанда орман шаруашылығы мамандарымен сөйлестім. Жалақыға 1 қаңтардан бастап 9 мың теңге қосылған. Олар 80 мың теңгеге жетпейтін ақша алады, Үкімет 2025 жылы 164808 теңге  қосты.  Оның пайызын алып тастағанда 140 мың теңге шамасында болады. Меніңше, бұл түкке де жетпейді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Өз кезегінде Ерлан Нысанбаев азаматтарға жалақы қосу мәселесін еңбек министрлігімен қарастырып жатқанын жеткізді.

– Өрт сөндіру станцияларын қамтысақ, жалақыға 100 пайыз қаражат қосуды қарастырдық. Ақпанның аяғы, наурыздың басында іске асады, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Жауаптылар өрт сөндіруге арналған техникаларын көрмеде қойған. Арасында пилотсыз ұшатын дрондар бар. Адам қолы жетпейтін жерлердегі отты өшіретін роботтарды көз көрді.  

– Роботты Жетісу деп атадық. Ол өрт сөндіреді. Адам баласы бара алмайтын, оның өміріне қауіп төніп тұрған жерлерге таптырмайтын агрегат болып саналады. Бұл қашықтан басқарылады. Секундына 40 литр су шашады, 8 сағат жұмыс істейді, – деді аға инженер конструктор Айдос Қалқабек.

Қазақстанда былтыр 116 мың гектар орман өртенген. Одан келген шығын көлемі 163 миллиард теңге. Сондықтан биыл жауаптылар орман өртінің алдын алу шараларын қазірден бастап кетті. Экология министрі Ерлан Нысанбаев тілсіз жаудың көбеюіне климаттың өзгеруі басты себеп деп болжап отыр.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» теларнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Атырау облысындағы ауыл көшелерін су басты

Новости партнеров