10 қазан – Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні

10.10.2020 04:29

Пандемия төрткүлдүние жұртшылығы үшін үлкен сынақ болды

zerkalo.lv

10 қазанда бүкіл адамзат Дүниежүзілік психикалық денсаулық күнін атап өтеді. Ал биыл жүйке мәселесі әсіресе өзекті. Себебі пандемия төрткүлдүние жұртшылығы үшін үлкен сынақ болды. Карантин көптеген адамдардың жүйке жүйесіне айтарлықтай әсер етті. Адам баласы өзінің және жақындарының денсаулығына алаңдап, көбі тұрақты табыс көзін жоғалтты. Ал кейбіреулері туғандарынан айырылды. Бұл, әрине, депрессияға әкелетіні сөзсіз. Almaty.tv  тілшісі Асылбек Тойбек сынаққа мойымай қалай өмір сүру керектігін мамандардан сұрап білді.

68 жастағы елорда тұрғыны Әшімгүл Есеркепова жолдасы қайтыс болғалы 10 жылдан бері жалғыз өмір сүріп келе жатыр. Күнделікті ас-ауқатына ақша табу үшін зейнеткер карантин кезінде күзетте жұмыс істеген. Тіпті, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтаған кезде ол жұмысқа екі сағат жаяу жүруге мәжбүр болдым дейді.

«Мен шілде айында қатты ауырдым. Жұмыстан келе жатқанда жаңбырдың астында қалдым. Сөйтіп, сырқаттанып қалдым. Себебі дәріханаларда дәрі-дәрмек болған жоқ. Дәріханаларда көшеде ұзын-сонар кезек болды. Сондықтан маған өте қиынға соқты. Бір жағынан мен күн сайын қайтыс болып жатқан қарт адамдар үшін алаңдадым», – деді қала тұрғыны Әшімгүл Есеркепова.

Әшімгүл Есеркепова сияқты карантин кезінде көптеген адамдар ауыр жағдайға душар болғаны анық. Тұрғындар тұрақты табысынан айрылды. Дертке шалдықты. Жоспарлары жүзеге аспай қалды. Психологтардың айтуынша, карантин кезінде біраз адам көмекке жүгінген. Олардың көпшілігі, яғни отбасын асыраушылар жұмыстан үйге оралғанда балаларына инфекция жұқтырып алудан қорқатынын айтқан. Сарапшылардың пікірінше, депрессияны болдырмау үшін адам жақсылықты ойлау керек

«Ең бастысы, бәрі жақсы болатынына сену керек. Әдетте біз өз ойларымыздан қорқамыз. Ал, не ойласаң, сол жүзеге асады. Өзгелерге сенің ойың әсер етеді. Бұл әлдеқашан дәлелденген. Бірінші кезекте біз позитивті ойлауға ұмтылсақ, онда ешқандай вирус, инфекция бізді қабылдамайды», – деді «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті Лимана Қойшиева.

Психологтар мұндай қиын кезеңде адамдар көңіл көтеретін фильмдер көріп, өз-өзін дамыту туралы кітаптар оқуға кеңес береді. Ең бастысы, үнемі мұңайып жүретін, өз проблемасын айта беретін адамдардан жақын қарым-қатынас жасауды шектеу керек дейді.

Асылбек Тойбек