Жәнібек Мақсат – 200 миллионнан астам тұрғыны бар Индонезия, Нигерия секілді алып елдерде банк ісін ілгерілетуге көмектескен білікті маман. Ол тұтас мемлекетте тоқырап тұрған қаржы секторына жаңа серпіліс беріп, әр жерде филиалдардың ашылуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
Қандай жоба жүргізсе де, көздеген мақсатына жетпей тынбайтын ол кейінгі 6 жылда Мьянмар елінде жұмыс істеп жүр. Биыл ақпан айында елде болған әскери төңкеріс салдарынан онда жұмыс істеу қанша қиын болса да, ол жақтағы жұмысын тастап кете алмайтынын, қоластындағы 600-ге жуық қызметкер алдында жауапкершілік сезінетінін айтады.
«Біз мектеп бітірген жылдары Баян-Өлгейде жас түлекке жөн сілтеп, жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін ешкім болмады. Инженердің жұмысына қанша қызықсақ та, фабрика-зауыттар аз болғандықтан, оны келешегі жоқ мамандыққа теңедік. Ал қаржыгердің оқуын оқып алсам, кемі бір жерде есепші болып жұмыс істеп, күн көремін деп ойладым. Сөйтіп, Моңғолия ұлттық техникалық университетінде қаржы менеджменті мамандығы бойынша білім алдым. Университетті үздік бітірген соң, кредит берумен айналысатын неміс компаниясының 20-ға жуық экономист іздеп жатқанын естіп, компания өкілдеріне хабарласып, ақырында 4 кезеңнен тұрған сұхбаттасу процесінен мүдірмей өттім. Бірінші болып өткендерді Әзербайжанға 14 күнге жалғасатын тренингке жіберетін болды. Моңғолиядан ары асып көрмеген мен сол кезде 25 маманмен бірге бірінші рет шетелге шықтым. Тренинг кезінде көпшілік орыстілді аудармашының көмегіне жүгінді. Ал мен моңғол-түрік лицейінде түрік тілін жетік меңгергендіктен, ешкімнің көмегін қажет етпедім. Оған қоса, мені бір топқа жетекші етіп қойды. Оның үстіне, аудармашылар жетіспегендіктен, басқа топтағы мамандарға да көмектесіп, көрген-естігенімнің барлығын мұқият түсіндіріп жүрдім. Мұның барлығын сырттан бақылаған немістер «Әзербайжанда қалғың келмей ме? Сен секілді жастардың көмегімен түрлі жоба іске асырғымыз келеді» деп ұсыныс айтты. Осылайша, Әзербайжанның ең үлкен банктерінің бірі саналатын Access Bank-тің жаңадан ашылатын филиалдарына консалтинг қызмет көрсететін кеңесші болып жұмысқа тұрдым. Басшылық қол астыма 7-8 жасты біріктіріп, оларға кредит беру, анализ жасаудың әдістерін үйретуді тапсырды. Жалпы, банк басшылығының ұстанымы осылай: тіс қаққан маманнан гөрі, тәжірибесі жоқ, университетті күні кеше бітіргендерді жұмысқа алғанды құп көреді, өйткені тәжірибелі маманды үйренген нәрсесінен ажыратып, жаңашылдыққа өзгерту қиын деп есептейді. Әзербайжанда жұмыс істеген үш жылда үш қалада филиал ашуға көмектестім. Одан бөлек, Әзербайжанның шығыс жағындағы аймақта банк әзірлеп шығаратын өнімді дамыту бойынша менеджер қызметін атқардым. Басшылық осындағы жоба аяқталған соң, Халықаралық қаржы корпорациясының қолдауымен Индонезияның Ява аралында ашылған шағын банкті дамыту жұмысына атсалысуға шақырды. Оған дейін ағылшын тілін керек етпеген мен Индонезияға келген кезде біраз қиналғаным бар. Сосын Индонезия тілінде жалғау я жұрнақ болмағандықтан, ол тілді тез үйреніп алдым. Оған қоса, олардың үлкені де, кішісі де – инабатты, кішіпейіл. Жұмыс істеуде еш қиындық тудырмайды. Осындай керемет ортада жұмыс істеген бір жарым жылдың ішінде жобамыз үлкен табыс әкелді. Ол жақтағы жұмысты сәтті аяқтағаннан кейін басшылық мені Ямайкаға жібермекші болды. Бірақ виза алу үшін үш ай күту керек болғандықтан, ол жобадан бас тарттым. Содан соң Африканың Нигерия қаласына барып жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп түсті», – дейді Жәнібек Мақсат.
Оның айтуынша халық ең көп қоныстанған, талай жылдан бері тыныштығы қашып, дүрбелең тыншымай тұрған Нигерия еліне барып жұмыс істеуге бірден келіспеген.
«Индонезияда қызметтес болған неміс әріптесім Нигерияда шағын банктің ашылғанына 3 жыл болса да, жұмысы ілгерілемей тұрғанын айтып, жаңа филиалдар ашуға жауапты менеджер қызметін ұсынды. Нигерия – Африкадағы халық ең көп қоныстанған ел (210 миллионға жуық адам – Ред.). Қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай мемлекет, бірақ халқы кедей тұрады. Ел басқару механизмі дұрыс жолға қойылмағандықтан, бүгінге дейін қақтығыстан көз ашпай келеді. Ұсыныс келіп түскенде Нигерияда жұмыс істеген танысым су тапшылығы болатынын, жарық жиі өшіп қалатынын, сондай-ақ қауіпсіздікті сақтауда көп қиындық бар екенін айтты, бірақ осының барлығына шыдасам, әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алатыныма сендіріп, жігерлендіріп қойды. Сөйтіп, 2011 жылғы сәуірде отбасыммен Нигерияның 20 миллионнан астам халқы бар Лагос қаласына көшіп бардым. Ол жерде тоғыз филиалға бөлінген, жүздеген қызметкері бар шағын банкті жетілдіру ісіне атсалысып, барлық филиалды бақылауға жауапты болдым. Қай жерден филиалдар ашуға болатынын зерттеп, тренингтер өткіздім, бәсекелестердің ұстанған стратегияларын бағамдаумен айналыстым. Үйренушілердің біліктілігін екі апта кабинетте, екі апта базарда тексеріп, оларды көп нәрсеге үйреттік. Негізі, нигериялықтар еңбексүйгіштігімен, табандылығымен ерекшеленеді. Олармен бірлесе жұмыс істеген екі жылдың ішінде 18 филиал ашып, қызметкер саны 400-ге жетті. Жоба аяқталар уақытта бар білгенімізді жергілікті мамандарға үйретіп, қауырт жұмыстың тізгінін соларға ұстатып кеттім. Алайда Африканы ұнатқаным соншалық, осында тағы біраз уақыт жұмыс істеп көргім келді. Басшылық келесі жоба басталғанша Моңғолияға қайтып, алты ай күте тұруымды сұраған еді, бірақ алты ай қол қусырып бос жүру менің табиғатыма жат, сондықтан жұмыс қарастыра бастадым. Сосын 22 елде филиалы бар америкалық микроқаржы ұйымы өкілдерімен байланысып, бір айға созылған сұхбаттасу процесінен кейін Оңтүстік Африкада орналасқан Малави еліне жұмысқа жіберілдім. Мен барған кезде кредит беретін шағын ұйым депозит салатын банк дәрежесіне көтеріліп, басшылық ұлттық банкке өтініш беріп, үлкен өзгеріс болғанын күтіп жүр екен. Сондықтан келе сала ұлттық банктің талаптарына сәйкес көп процедураны өзгертуім керек болды. Одан бөлек, Замбия, Танзания елдеріне барып, ондағы филиалдарда іске асырылатын жобаларды жүргізуге атсалыстым. Келісімшарт аяқталып әрі арада түсініспеушілік пайда болған соң, жеті жыл сыртта жүргеніміз жетер деп Моңғолияға барып тұрақтауды ұйғардық. Десе де, біршама елдегі банктен ұсыныс көптеп түсті. Солардың арасынан түркиялық Şekerbank пен Еуроодақтың Газиантеп қаласында төрт айға жалғасқан, шағын бизнеспен айналысатын әйелдерге кредит беру жобасын жүргізу ұсынысын қабылдадым. Түркияда жұмыс істеп жүргенде Африкада қызметтес болған украин әріптесім хабарласып, сингапурлық мамандардың Мьянмар еліне барып бірге жұмыс істеуге мені шақырып жатқанын айтты», – деді ол.
Мақсат биыл жазда отбасын Қазақстанға көшіріп әкелді. Ол қазір 3 ай Мьянмардағы кеңседе, 2 ай елде онлайн форматта жұмыс істейді.
«Бірақ компания ашылған күннен бастап қарқынды жұмыстың басы-қасында болған соң барлығын орта жолдан тастап кеткім келмейді. Оған қоса, басшылық пен инвесторлар маған сенім артып отыр. «Қандай жағдай болса да қаймықпаңдар. Тіпті, болмай бара жатса тікұшақ жіберіп алдыртамыз» деп үнемі қолдап отырады. Содан соң «қуанышты сәтте қасымнан табыла білдіңіздер, бірақ сіздер осындай қиындыққа тап болғанда мен өз жөніммен жүре берейін, ренжімеңіздер» деп айтуға дәтім бармайды. Адамгершіліктен аттап кете алмаймын. Оның үстіне, қазір менің орныма басқа маман табу қиын, бұл лауазымға маман табу үшін кемі 3-4 ай уақыт кетеді. Оған қоса, қазір жұмыс қызып тұр. Бұрын бейбіт заманда жұмыс істегенде қызметкер түсінбеген сұрақты қасына барып түсіндіретін едім немесе бірге істей салатынбыз. Ал қазір онлайн форматта барлығын бақылап отыру қиын. Жоғарыда айтып өткендей, мен басшылық ететін бөлімде 600-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың алдында да жауапкершілікті сезінемін. Бірақ мен Мьянмарда мәңгілік тұрмаймын ғой. Ондағы дағдарыс үш немесе алты айға жалғасуы мүмкін. Әлбетте, барлығы түзелген соң Қазақстанда тұрақты жұмыс істегім келеді. Байқағанымдай, қазір банктердің мобильді қосымшаларын қолдану дұрыс жолға қойылған. Бірақ әлі де істелетін жұмыстар баршылық. Халықтың 70 пайызы тек бір банкпен жұмыс істейді. Бұл – үлкен қауіп-қатер. Қаржы көзін табуды білетін адамдар бір ғана банкпен жұмыс істемейді. Сосын біз тек кредит беріп қана қоймай, бизнес-жоспары бар клиенттерге түрлі мүмкіндік ұсынамыз. Елде де солай істеуге болады. Кәсіпкерлер кредит алуға қорқақтайды, ал кейбірі кредитті алып алған соң, тиімді жұмсаудың жолын білмейді. Осы және өзге сұрақтар бойынша бар білгенімді бөліскім келеді. Мьянмардағы жұмысты абыроймен аяқтаған соң мұны да іске асырармын. Бастысы, отбасым елге оралды, балаларым қазақтілді ортада өсіп жатыр. Әжем «қазақтан қыз ал, Қазақстанға бар» деп үнемі айтқандай, 15 жыл сыртта жүріп, атажұртқа қоныс аударғаныма қуаныштымын», – дейді Мақсат.