Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына ТЖ кезінде 3 мыңнан астам адам жүгінген

almaty.tv
almaty.tv
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 214 инфрақұрылымдық жоба әзірленген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда төтенше жағдай кезінде жұмыспен қамту орталығына 3 мыңнан астам адам жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың 2 мыңға жуығы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында екі қолға бір күрек тапты.  Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту ортылығының директоры Диляра Иманқұлова мәлімдеді. Бағдарлама қаладағы жұмыссыздық санын азайтуға және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына бағытталған.

Қала тұрғыны Самат Қанаев құрылыс саласының маманы. Бұған дейін әр жерде еңбек еткен. Бірақ карантин кезінде жұмыссыз қалып, табысынан қағылыпты. Бос отырмай нәпақа табуды көздеген азамат қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелді.

«Мен жұмыспен қамту орталығына бардым, Қазинженер компаниясы жұмыспен қамтамасыз етті. Жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Екі қолға бір күрек тауып, әйтеуір жұмыс бар. Осы орталық тауып берді. Осы карантин кезінде жұмыссыз қалғанбыз. Жұмыс табылып жақсы болды», – деді қала тұрғыны Самат ҚАНАЕВ.

Саматтың қазір «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа кіріскеніне екі аптадай болыпты. Ол қаланы абаттандыру жұмыстарына тартылған. Менделеев көшесінің бойындағы саябақтың құрылысында онымен бірге тағы 16 жұмысшы еңбек етіп жатыр.

«Бүгінде қалада «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 214 инфрақұрылымдық жоба әзірленген. Қазіргі таңда оның 74-і іске асып, 5 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. 1813 адам осы жобалар арқылы жұмыс істеп жатыр. Оның 404-і жастар. Жалпы биыл бағдарлама аясында 26 мың адамды жұмыспен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз», – деді  қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра ИМАНҚҰЛОВА.

Мамандар аталмыш бағдарлама  жұмыс іздеушіге де жұмыс берушіге де тиімді дейді. Себебі жалақының бір бөлігін компания иелері, екінші бөлігін мемлекет төлейді. Оған қоса халықты жұмыспен қамту орталығы білікті мамандарды іріктеп,  жұмыс берушілерге ұсынады. Қажет болса кадрлар қайта даярланып, арнайы курстарда оқытылады. Орташа айлық – 120 мың теңге. Бұған қоса қазынадан тағы 85 мың теңге көтерме ақы беріледі.  Бүгінде қала бойынша орталықта 14 мыңдай адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Еңбек еткісі келген азаматтар орталыққа бір ғана құжатпен, яғни жеке куәлігі арқылы тіркелсе болады. Ал тұрақты мекен-жайы туралы анықтама қажет емес.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров