|
06.12.2019 | 16:47
3248

«Еститін мемлекет» осылай жұмыс істейді - Б. Сағынтаев

Бүгін 6 желтоқсан күні Алматы әкімі Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді

«Еститін мемлекет» осылай жұмыс істейді - Б. Сағынтаев

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданының тұрғындарымен екінші рет кездесу өткізді. «Еркін микрофон» форматындағы кездесу «Кемел» ықшамауданының мәдениет үйінде өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естеріңізде болса, биыл 23 тамызда болған кездесуде де тұрғындар барынша өзекті мәселелерді көтерген болатын. Мұнда 10 мыңнан астам адам тұрады. Қалаға осыдан 5 жыл бұрын қосылған «Первомайский» поселкесінде ұзақ уақыт бойына дамыған коммуналды инфрақұрылым, су мен жол болған емес. Бүгінгі күні бұл проблемалар «Жаңа Алматы» даму бағдарламасының «Шетсіз қала» қағидасына сәйкес жоспарлы түрде шешілуде.

Ауданның өзекті мәселесінің бірі – Палладин көшесі бойындағы жер телімдерін заңдастыру. Онда құжаты жоқ 309 үй анықталған. Бүгінде  52 үйдің құжаты жер комиссиясының қарауына ұсынылды, 47 құжат дайындық үстінде. Қалғандары бойынша қосымша жұмыстар жүріп жатыр.

Жетісу ауданында 2021 жылдың аяғына дейін 160 шақырым су құбырлары мен кәріз желілері тартылады. Осылайша, шамаман 10 мың үйдің тұрғыны ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.

Аудандағы электр желілерінің ұзындығы 743 шақырым, оның 82 шақырымы иесіз, яғни оларға ешкім қызмет көрсетпейді әрі жөндеуді қажет етеді. Осының салдарынан  жарық жиі және ұзақ уақыт өшіп тұрады. Қазіргі кезде желілерді «АЖК» АҚ-ның балансына беру жөнінде жұмыстар жүруде.

Аудандағы аулалардың 80%-ы немесе 244 аула (барлығы 305) толық абаттандырылған әрі ондағы ішкі аула жарығы мәселесі де шешілген. Мысалы, «Кемел» ықшамауданында 19 ауланың барлығына жөндеу жүргізілген. Келер жылы ауданның қалған аулаларын жөндеу жоспарланған.

Ауданда 242 көше (90%) жарықтандырылды, әлі 27 көше жарықшам қоюды талап етеді. 2020 жылы Жетісу ауданы көше жарығымен толық қамтамасыз етіледі. Ол үшін көше жарығының 514 бағаны және «Көкмайса», «Көкжиек», «Айнабұлақ», «Жұмысшы поселкесі» ықшамаудандарындағы 55 учаскеге 1421 шам орнатылды. Жұмабаев, Иссыкская, Грибоедов, Нүсіпбеков, Палладин көшелері мен Винтер бұрылысына қосымша 65 бағана мен шамдар орнатылуда. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Led-жарығымен 61 көше модернизацияланады.

Аудандағы Жансүгіров, Жангелдин, Сейфуллин, Зубарев, Верхоянск, Потанин, Күдерин, Жұмабаев көшелерін жиі су басып қалады. Бұл проблеманы шешу үшін ағымдағы жылы 2,9 км арық желісі салынды. Келер жылы жұмыс одан әрі жалғасып, тағы 22 шақырым арық салу жоспарланған. Бұдан өзге, Ратушный, Омаров, Мұқатай, Тобаяқов, Серіков көшелері бойындағы гүлзарлар абаттандырылды және «Айнабұлақ-3» ықшамауданында жаяу жүргінші аймағы салынды.

Алдыңғы кездесуде тұрғындар Қапшағай трассасының бойына жасыл желек отырғызу мәселесін көтерген еді. Жүргізілген жұмыстың арқасында жол жиегіне 500 ағаш отырғызылды. Бұдан өзге, «Көкжиек», «Көкмайса», «Айнабұлақ», «Құлагер» ықшамаудандарына жыл басынан бері 4 мыңнан астам ағаш отырғызылды. «Jasyl Almaty» үш жылдық жоба аясында аудан аймағына 30 мың ағаш отырғызылады.

Көбіне сын жолдардың жағдайына қатысты айтылды. «Жұмысшы поселкесі» ықшамауданындағы ұзындығы 20 шақырымнан асатын барлық 28 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Кемел» ықшамауданындағы жолдар инженерлік желілер салынып біткен соң (белгіленген мерзім 2021-2022 жылдар) жөнделеді.  

Ауданда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полицияның үш модульді посты, көшелердің 37 учаскесіне «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылды, патрульдеу күшейтілді және жаяу нарядтар саны артты. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының өтініштері мен тілектерін ескере келіп, жылдамдықты азайту белгілері қойылды, «Құлагер» ықшамауданында патрульдеу күшейтілді, Палладин көшесі бойындағы жыра бақылауға алынды.

«Бұл проблемалардың барлығы қала тұрғындарымен алғашқы танысу кездесуде айтылған еді. Даму бағдарламасына түзетулер енгіздік және бюджетті қайта қарадық. Мәселелерді тиімді шешу үшін аудан әкімдіктерінде «Ашық есік» күндерін белгілейміз әрі олар тұрақты жұмыс істейді», - деді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Кездесу барысында әкімге 85  сұрақ қойылды, оларды шешу үшін аудан әкімдігі қала басқармаларымен бірге жұмыс істейді.

Еске салсақ, кеше қала әкімі Б. Сағынтаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездескен болатын, мұнда да жылдар бойы қордаланған инфрақұрылымдық даму мәселесі шешімін тауып жатыр. «Жайлау», «Құрамыс», «Таужолы» ықшамаудандарына жаңа су құбырлары мен кәріз желілері тартылуда. Ауданда сумен қамту проблемасын толық шешу үшін екі су тоғаны және алты ықшамауданда су және кәріз желілері салынатын болады. Иесіз 54 трансформаторлы қосалқы станция балансқа алынды, тағы 100-і жұмыс істейді. «Шұғыла» ТК тұрғындарының өтініші бойынша 14 үй бірінші кезекте абаттандырылды және газбен қамтамасыз етілді. Қарашада осы ТК тағы 16 үйіне газ тартылды.

«Жалпы, тұрғындар біздің оларды ести алатынымызға және өтініштеріне назар аударатынымызға көздері жетті. Егер ағымдағы жылдың 14 тамызындағы кездесуде 41 сұрақ қойылса, бүгін қойылған 123 сұрақтың, 50-ден астамы жазбаша берілді. Көптеген мәселелер жедел шешімін табуда, қалғандарына уақыт қажет. «Ести алатын мемлекет» - іске кірісті: сіздер бізге Алматыда өмір сүру сапасын жақсартуға көмектесіп жатырсыздар», - деді қала әкімі Б. Сағынтаев Наурызбай ауданындағы кездесуді қорытындылай келіп.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир