Алматыда студенттер мен оқушылар төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуді үйренді

Алматыда студенттер мен оқушылар төтенше жағдай кезінде қалай әрекет етуді үйренді
Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылған ашық есік күніне студенттер, тұрғындар мен мұғалімдер жиналды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық оқушылар қаланың құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысты. Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылған ашық есік күніне студенттер, тұрғындар мен мұғалімдер жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінгі ашық есік күніне қаланың жүзге жуық студенттері мен оқушылары келді. Төтенше жағдай департаментінің мамандары мен құтқарушылары жиналғандарға оқыс оқиға кезінде нендей іс-әрекет жасау керегін түсіндірді. Сонымен қатар, психологтар да тәжірибесімен бөлісті.    

«Осындай шара арқылы қала тұрғындарына біз өз техникаларымыз бен жабдықтарымызды көрсетеміз. Төтенше жағдай кезінде адамдар абдырап қалмауы керек. Сондықтан бүгін осында келгендер өздеріне пайдалы ақпарат алып кетуі тиіс», – деді Алматы қаласы ТЖД басқарма басшысы Тұрысбек САРТАЕВ.

Шараға келгендер арнайы құрылғы арқылы 6 баллдық зілзаланы сезінді. Симулятор жер сілкінісін шынайы өмірдегідей етіп жасайды. Ал ішіндегі адамдар абдырап қалмай, дұрыс әрекет жасауы керек.  

Жер сілкінісі бастала қалған сәтте бірден үйдің бұрышына немесе үстел астына кіріп кету керек. Төтеншеліктердің сөзінше, жер сілкінісі бірер минуттан соң қайталануы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар келгенше үстелдің астында болған абзал.

Оқушылардың бірі альпинистік жабдықты қолдана отырып, құтқарушылармен бірге ғимараттың төбесінен қалай түсуге болатынын байқап көрді.

«Бастапқыда қорықтым. Содан соң астына түсіп бара жатқанда, өзімді дұрыс сезіндім», – дейді оқушы.   

«Бірінші мақсатымыз – оқушыларға құтқарушылардың немен айналысатынын көрсету. Сондай-ақ, қандай төтенше жағдайлар болады, сондай кездері қандай шаралар қолданылады, қандай адамдар жұмыс істейді, медбикелер не жұмыс атқарады, соларды көрсетуді көздедік», – деді Алматы қаласы Құтқару қызметі директорының орынбасары Ержан ҚАҢЛЫБАЕВ.  

Шарада кинологиялық топтың төртаяқты серіктері де назардан тыс қалмады. Оқушылар мен студенттер ізкескіш иттермен өздері жұмыс істеп көрді. Еске салсақ, бүгінгі ашық есік күнін Алматы қаласының құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаменті бірігіп ұйымдастырған.

Өмір Әнуарбек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров