Қазақстан қантқа ішкі сұранысты жаба алмай отыр. Елімізде шекердің 42 пайызы өзімізде өндірілсе, қалған 58-і сырттан алдырады. Бұл туралы Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл мәселені шешу үшін арнайы бағдарлама әзірлемек. Бюджеттен бастапқыда 8 млрд теңге қарастырылмақ. Кейіннен тиімділігіне қарай қаражат ұлғайтылатынын айтты. Министр сондай-ақ Көксу, Ескелді аудандарына арнайы барып, шаруалармен кездесті. Қордаланған мәселелер сөз болды.
«Биыл Алматы облысында 20 мың гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 60 мың тонна қант өндіреміз. Ол үшін техника жеткілікті. Ауыл шаруашылығы министрі бәрін қарап, қадағалап шықты. Қазір Украина мен Ресей арасындағы геосаяси қақтығыс елімізге қант жеткізу жағын қиындатып тұрғаны жасырын емес. Мәселе министрліктің ерекше бақылауында», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов.
Министр жергілікті шаруалардың сұрақтары ескерусіз қалмайды деді. Ербол Қарашөкеев алдағы аптада қант зауыты басшылырымен кездеспек. Жиынға облыс әкімі Қанат Бозымбаев та қатысады деп жоспарланып отыр.