Петропавлда әлеуметтік пәтерлер "көктеп" жатыр

21.02.2024 21:48

Сапасы сын көтермейтін 53 үй анықталды

elements.envato.com

Петропавлда жергілікті билік ата-анасынан айырылғандар мен көпбалалы отбасыларға сапасы сын көтермейтін пәтер берді, деп хабарлайды Аlmaty.t тілшісі.

Небәрі 3 ай бұрын әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілген 53 үйдің сапасы төмен. Тұрғындар аязды кұндері баспананың қолайсыздығы көбірек сезілді деп отыр. Буланған терезе, көгеріп, зең басқан бөлмелер, жарық қабырға. Бұл - жалғызбасты көпбалалы ана Инеш Маковичтің баспанасының қазіргі күйі. Ғимараттағы бірқатар үйді ылғал тартып, кесірінен жаңа пәтердің әктелген ақ қабырғалары қою жасыл түске боялды. Баспаналары осындай күйге түскен тұрғындардың жаңа қоныс тепкендегі қуаныштары су сепкендей басылды.

-Бұл пәтерді алғанда қуанып, бірден келісе кеттім, өйткені мен ажырасқан, көпбалалы анамын. Басқа амалым да жоқ. Пәтерді айына 160 мың теңгеге жалға алып, төлейміз. Бұл жалғызбасты ана үшін өте қымбат. Баспанаға кіргенімізге көп болмай түрлі кемшіліктер көзге көріне бастады. Қабырғалар көгеріп, төбемізден су аға бастады, - дейді қала тұрғыны Инеш Макович.

Ал мына пәтерді зең мен ылғал әлі толық басып үлгермеді. Алайда қазірдің өзінде дымқыл тартқан қабырғалар көзге түсіп тұр. Екі апта бұрын Светлана Ветрованың отбасы пәтер кілтін алған.

- Қабырғалар ылғалданып, көгере береді. Қыста салынған үй болғандықтан, түкпір-түкпірге ылғал мен су жиналған деп ойлаймын. Аяз тұрды, қар жауды, оның да құрылысқа әсері бар ғой. Оның үстіне конденсат ағынды сулар жиналатын жерге салынған, - дейді қала тұрғыны Светлана Ветрова.  

Айта кету керек, бұл жалға берілуге арналған тұрғын үйлер. Яғни, нысан коммуналдық шаруашылықтың қарауында. Қала әкімдігі төбесінен су ағып жатқан үйлердің мәселесімен таныс екенін жеткізді. Шенеуніктер мердігер компаниямен бірлесе, барлық кемшілікті қолға алатынын хабарлады. Алайда құжат бойынша жөндеу жұмыстарының мерзімі - 2 жыл.

- Бұл үйлер бізде бірнеше жылдан бері берілмей тұрды, себебі инженерлік коммуникациялар уақытылы жасалған жоқ, сол себептен үй тұрып қалды және бұл жаңа үй болғандықтан түрлі ақау болуы мүмкін, сондықтан екі жыл көлеміндегі кепілдік  қарастырылған. Осыған сәйкес мердігер компания өз есебінен барлық ақауды жөндейді, - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.

Тұрғындардың айтуынша, желтоқсанда тапсырылған көпқабатты үй асығыс салынып, тексеріссіз пайдалануға берілген. Жалпы Петропавлда барлығы 15 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 8 мыңы жалға берілетін коммуналдық пәтерлерді күтіп жүр.

Әйкерім Пернебек, Нұргүл Алина, Қазбек Арықбаев, "Алматы" телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Петропавлда тұрғын үйден өрт шығып, екі адам зардап шекті