Мүлік иесі салық төлеуі керек
Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова брифингте баспананы жалға беретін қазақстандықтар қандай салық төлеуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі nur.kz-ке сілтеме жасап.
Құсайынова жалға беретін мүлік иесі салық төлеуі керек екенін еске салды.
- Әрине, тұрғын үйді жалға берген адам қазынаға жалға беруден түскен ақшаны түгелдей төлемейді. Мысалы, Астанада тұрғын үйді жалдау ақысы орташа есеппен айына 100 мың теңге болса, жалға беруші арнайы салық режимін қолданып, мобильді қосымшаны пайдаланатын болса, онда 100 мыңнан 1 пайыз жеке табыс салығын төлейді, - деді ол.
Тұрғын үйді қосалқы жалға беру кезінде де осындай тәртіп қарастырылған.
- Егер тұрғын үйді тәуліктеп қосалқы жалға беретін болсаңыз, онда сіз жеке кәсіпкер ретінде табысыңызға салық төлеуге міндеттісіз. Пайызы сіз таңдаған салық режиміне қарай. Егер мобильді қосымшаны таңдасаңыз, онда 1 пайыз, жеңілдетілген режим болса 3 пайыз төленеді. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, кіріс алғаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Тұрғын үйді жалға беретіндердің бұл табысы шағын кәсіпкерлікке жатады. Оларға 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ал орта және ірі бизнеске 100 АЕК айыппұл қарастырылған, - дейді Құсайынова.
Оқи отырыңыз: Петропавлда әлеуметтік пәтерлер көктеп жатыр