Жобаны жүзеге асыру үшін 5 миллион теңге қажет
Шара мақсаты - ауыл мектептерінің бірінде жасанды төсеніші бар ойын алаңын салып, футбол клубын құру. Жобаны жүзеге асыру үшін 5 миллион теңге қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл қаражат футбол алаңын салудан бөлек, форма, доптар және басқа да спорттық жабдықтар сатып алуға жұмсалмақ. Сондай-ақ бастама авторлары жалақысы жалпы бюджетке қосылатын тәжірибелі футбол жаттықтырушысын жалдамақ ойы бар.
«Балаларымыз футболға қатысатын. Бірақ ол алыстау біріншіден. Екіншіден ауылда футбол ойнайтын тәуір жер де жоқ, Мектептің алаңдары бар, бірақ ол жаздың күні шаң болады, күзде, көктемде дала батпақ болып жатады. Сосын ойлана келе, балалар футбол клубын өзіміз ашайық деп шештік», – деді бастамашы Серік МӘМБЕТОВ.
Игі шара 5 күн ішінде шамамен 350 000 теңге жинаған. Ұйымдастырушылар тіпті балалар клубын да ашып үлгеріпті. Оған 8 бен 11 жас аралығындағы жеткіншектер жазылып жатыр.
«Осы жұмыс ары қарай жалғасып, футбол алаңы салынса, балаларға өте үлкен қуаныш болар еді. Себебі балалар зиянды әрекеттерден аулақ болу үшін оларды футбол, жалпы спорт түрлеріне баулу қажет», – деді Райымбек ауылының тұрғыны Мадина САРБАЛАЕВА.
«Ауыл футболы» халық жобасының жетекшілері, алдағы айдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын бастап кетуді жоспарлап отыр.
Игі шараға ат салысамын деушілерге Kaspi-Gold 5169 4971 6091 3509 шотына ақшалай қаражаттарын аударуына болады.