Қазақ тілін бір жылда үйренген спортшы

19.11.2021 15:32

Александр қазақ тілімен бірге қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін де өте жақсы біледі

instagram

«Тіл – татулық тірегі». Осы мақалды жанына серік еткен Еркін күрес бапкері Александр Гольцман қазақ тілін бір жылда жетік меңгеріп алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Александр Гольцманның әкесінің ұлты неміс, ал анасы – орыс қызы. Ол – Алматы облысы Жансүгіров ауылында туып-өскен. Алматыға келіп, спорт мектебіне түскеннен кейін, қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы оянған.

«Мен спорт мектебіне 7-сыныпта  оқуға түскен кезде қазақ тілін жақсы білмейтінмін. Спорт мектебінде бәрі қазақша сөйлейді екен. Бізді жаттықтыратын – Пернебай, Асқар, Роллан деген ағайлар болды. Олар тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін. Мен сол кісілердің арқасында 1 жылдың ішінде қазақ тілін жақсы үйреніп алдым», – дейді Александр Гольцман.

Қазіргі таңда Александр қазақ тілімен бірге қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін де өте жақсы біледі. Қазақтың ұлттық тағамдарын да сүйсініп жейді екен.

«Бірге жүріп, араласатын достарым қазақ жігіттері болғандықтан, қазақ халқының әдет ғұрпы мен салт-дәстүрін, мәдениетін бәрін солардан үйреніп алдым. Сонымен қатар қазір тек қазақтың ұлттық тағамдарын жегенді жақсы көремін. Маған қатты ұнайды», – дейді ол.

Айта кетейік, спортшы туралы видео kaz_wrestling_mode-нің Іnstagram парақшасында жарияланды.


Толық көрсету