Қалаға қосылған елдімекендердің келбеті мегаполистің орталығынан кем түспеуі керек. Осы ретте «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында 20 жылдан бері сапасы сын көтермейтін ауызсу тұтынып, батпаққа батып келген елдің қараңғы көшелеріне жол салу мен инженерлік желілерін тарту жұмыстары қолға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қалада тұрсақ та, шалғайдағы ауылда күн кешіп жатқандай сезінеміз дейтін Алматының Алатау аудан тұрғындарының аңсаған армандары орындала бастағандай. Тұрғындар ең алдымен үйлеріне орталықтан су мен кәріз құбыры тартылып, шұрық тесік жолдың тегістеліп жатқанына дән риза. «Ақбұлақ» шағынауданында жасалып жатқан жол жөндеу жұмысы биылдан бастап қолға алынған.
«Біздің мұнда көшіп келгенімізге 20 жылдан асты. Үйіміз көшенің бұрышында, сондықтан бізге дейінгі жол біршама жақсы, бірақ ары қарай кететіндер балшыққа батып қалады. Сондықтан аяқтарына целофан киіп келетін», – дейді көше тұрғыны.
«Шынымды айтсам, целофан жинаудан шаршадым. Түкпір жақта тұратындар аяқтары былғанбау үшін пакет киіп, біздің үйдің тұсына әкеліп тастап кетеді. Енді жол салынып жатқанына қуаныштымыз», – дейді «Ақбұлақ» шағынауданының келесі бір тұрғыны.
Жалпы, жұртшылық қалада тұрды деген аты болмаса, ауылдағыдай өмір сүріп келгендерін, инфрақұрылым жасауды баяғыда қолға алынуы керектігін жарыса айтуда.
Бұған дейін әр тұрғын жерді қазып үйіне суды өз бетінше тартқызған. Сапасы сын көтермесе де, басқа амалы болған жоқ. Сондай-ақ орталық кәріз жүйесінің жоқтығынан тұрғындар септик қазып, ай сайын тазалатуға қып-қызыл қаражат жұмсап келген. Ал, арық жүйесі мен жарықшам деген тіпті атымен болмаған. Енді, осы жұмыстардың бәрі ретімен жасалынбақ. Бастысы, енді мұнда қоғамдық бақылау болады. Яғни, мердігер мекеменің жұмысына көңілі толмаған кез-келген тұрғын жауапты мамандарға телефон шалып. шағым түсіре алады.
«Ақбұлақ» шағынауданындағы барлық жөндеу жұмыстары осы жылдың қаңтар айына дейін бітеді. Бұл шамамен 11,5 шақырым жол. Онда 10 мың тұрғын тұрады. Сондай-ақ, «Алғабас», «Шаңырақ» шағынауданының көшелері толықтай жөнделеді. Алатау ауданында биыл қосымша 3 бағдаршам орнатылады. Жарықшамдар қойылып, арықтар жасалынады. Айналаны көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі», – дейді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Нүрия НИЯЗОВА.
Желілер мен жолдарды жаңарту «Нұр-Отан» партиясының «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында жасалуда. Ол үшін республикалық бюджеттен 3 жылға 90 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ақшаға Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтан, Шымкент шаһарына қосылған елдімекендердің мәселерін шешу көзделген.
«Қоғамдық бақылаудан басқа нәтиже беретін бақылау жоқ. Қандай да бір басқа бақылауды алсақ. ол жемқорлық тудырады. Қазір қоғамдық-партиялық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жұмысқа барша халықты шақырамыз. Әр тұрғын заңбұзушылықтарға куә болып жатса, бізге хабарлай алады», – дейді «Құтты мекен» ұлттық жобасының үйлестірушісі Нұрлан БАЙМҰРЗАЕВ.
Бүгінде «Құтты мекен» жобасы бойынша «Нұр Отан» партиясының 50 шақты инженерлік желі мен әлеуметтік нысанның құрылысы бақылауда. Қаланың шеткі аудандарының келбеті орталықтан кем түспеуін қадағалаймыз дейді жауаптылар. Ол үшін партияның 60 шақты өкілінен 8 мобильді топ құрылған.
Әйкерім Ердәулетқызы, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы.