|
14.12.2019 | 16:52
8235

Бақытжан Сағынтаев түрлі сала мамандарына мемлекеттік марапат тапсырды

Алматы әкімі Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында алматылықтарға ҚР Президенті атынан мемлекеттік сыйлық табыс етті

Бақытжан Сағынтаев түрлі сала мамандарына мемлекеттік марапат тапсырды

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан мемлекеттік наградаларды алғандардың бірі – Абай Құсайынов. Ол – балалар денсаулығына 25 жыл ғұмырын арнаған ақ халатты абзал жан. Қазіргі таңда «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының» бас дәрігері. Алтын қолды дәрігер басқарып отырған медициналық орталыққа күніне шамамен 300-ден астам бүлдіршіндер түрлі деңгейдегі сырқаттармен түседі екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абай Құсайынов науқастардың әрқайсысына өз баласындай жаны ашитынын айтады,. Ал, «Құрмет» ордені кеудесіне тағылған балалар дәрігері әр қадамның өзіндік  жауапкершілігі бар екенін айтады.          

«Президентімізден бастап, «Құрмет» орденімен марапаттап жатыр. Ол - біздің денсаулық саласына жоғары дәрежеде көңіл бөлініп отыр деген сөз. Бұл – бүкіл біздің ұжымның еңбегі. Бұл Алматы қаласының денсаулық сақтау, бүкіл Қазақстан денсаулық сақтау саласының еңбегі  деп ойлаймын», - деді «Құрмет» орденінің иегері, медицина ғылымдарының кандидаты Абай ҚҰСАЙЫНОВ.      

Келесі кейіпкеріміз – қарапайым троллейбус жүргізушісі. Десе де, Алғашбай Жәрдеметовтің кеудесіне жайдан жай ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені тағылған жоқ. Ол 38 жылдан бері алматылықтарды діттеген жеріне аман-есен уақытында жеткізіп жүр. Жүргізушінің айтуынша, осы уақытқа дейін ол бірде-бір жол апатын жасамаған және жолаушылардың атынан да ешбір шағым түспеген. Жасы 65-ке таяп қалған Алғашбай Бекмаханұлы әлі қоғамдық көлікті басқаруға қауқарым бар дейді. Үш бала тәрбилеп отырған үлгілі жүргізушінің артынан ерген ұлы да әкесінің жолын қуып келе жатыр. Ал, шаһар басшысының қолынан марапат алғанда қуанышымда шек болмады деп ағынан жарылды.    

«Марапатталу кезінде азғантай қобалжисың ғой. Әсіресе, оны қала әкімі Сағынтав өз қолымен алдық. Бір-екі үлкен кісілер бар екен. Солардан кейін төртінші не бесінші мені шақырды ғой. Әйтеуір 38 жыл дегенде алдық қой. Жұмыстан шаршамаймыз. Халыққа әлі де қызмет етуге дайынбыз», - деді ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, троллейбус жүргізушісі Алғашбай ЖӘРДЕМЕТОВ.

«Би - менің өмірім». Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан марапат алған жүзден астам алматылықтардың ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған Елена Эзау сұқбатын осылай бастады. Бүгінде «Алматы әуендері» балетінің әртісі қызметінде жүрген биші көркем гимнастикамен айналысуды 7 жасынан бастаған. Аталған спортмен 15 жылдан астам шұғылданып бірнеше халықаралық байқауларда топ жарды. Кейіннен 25 жыл өмірін биге арнап, онда да биік белестерді бағындырды. Атап айтсақ, спорттық биден 2014 жылы өткен әлем біріншілігінде топ жарып, Қазақстан туын көкке желбіретті. Қазіргі таңда бишілікпен қатар жас бүлдіршіндерді де тәрбиелеп жүр.  

«Алдымен, бізді елеп-ескеріп осындай құрметке лайық деп марапаттаған қала әкімшілігіне көп рахмет айтқым келеді. Сондай-ақ, осындай дәрежеге жеткізген менің ұжымдастарыма да ризашылығымды білдіремін. Бұл менің ғана еңбегім емес. Шынында әлі де болса қуанышымда шек жоқ. Себебі, мен үшін мұндай награданы алу – үлкен мәртебе», - деді «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Алматы әуендері» балетінің әртісі Елена ЭЗАУ.

Айта кету керек, Тәуелсізідк мерекесі қарсаңында барлық еңбекқорлардың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бұл жолғы мемлекеттік марапттар шенді мен шекпенділерге ғана емес, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қызметкерлерге берілді.

Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжан, «Алматы телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир