Кентау ҚПБ Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Нұрбол Темірханұлы мен полиция капитаны Бақтыбай Қалабаев толғақ қысқан әйелді босандырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оларға Жалаңтөс ауылына қарасты «Коммунабаз» мал ауылының тұрғыны кешкі сағат 20:00 шамасында хабарласып, жедел-жәрдемге қоңырау шалғанмен ала алмай жатқанын, әйелінің, толғағы қысып қиналу үстінде екенін айтып көмек сұраған. Тұрғынның қоңырауынан кейін полицейлер тез арада жиналып, Үшқайық ауылынан 50 шақырымдай қашықтықтағы малды ауылға жол тартады. Жарты сағат көлемінде діттеген жерге жетіп, 21 жастағы жүкті әйелді, күйеуін қызметтік автокөлікке отырғызып, жолдан ауылдың фельдшерін салып алып Кентау қаласындағы перзентханаға қарай бет алады.
Бұл кезде жүкті әйел медициналық көмекке мұқтаж еді. Ақыры шыдай алмаған Раковица Виолетта толғағы қысып, Түркістанға кіреберіс жолда босанып қалады. Нәтижесінде полицейлердің көмегімен қызметтік көліктің салонында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Көп ұзамай жедел-жәрдем бригадасы келіп, жаңа туған сәби мен ананы Түркістан қаласындағы перзентханаға жеткізеді. Өз кезегінде ерлі-зайыптылар полицейлерге алғысын жаудырды.
"Өмірге келген кішкентай бөбектің аман-есен туылу бірінші кезекте, полицейлердің арқасы. Менің батырым - осы учаскелік полицейдің көлігінде өмір есігін ашты. Егер, полицейлер болмағанда айдаладағы малды ауылда әйелім мен балама не боларын кім білсін? Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан полицейлерге үлкен рахмет, үнемі өз байланыс нөмірлерін беріп, көмек керек сәтте хабарласыңдар деуші еді. Шынында басыма іс түскенде, ойыма ең бірінші учаскелік полиция инспекторы келді. Және ол бізге көмек қолын созды. Тәртіп сақшыларына айтар алғысым шексіз", - дейді жас әке Виталий Барабаш.
Бүгінде анасы мен нәрестенің жағдайы жақсы. Үйлеріне шықты. Өлім мен өмір арасында болған әйел барлық жақсылығы үшін полицейлерге аналық жүрегімен ыстық ықыласын білдірді.